Бокстан Гамбургте аяқталған әлем чемпионатынан Қазақстан құрамасы 1 алтын, 2 күмiс, 3 қола медаль еншiлегенiн бiлесiздер. Қола жүлделердiң бiрiн 49 келi салмақ дәрежесiнде сынға түскен Жомарт Ержан еншiледi. Жуырда Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Қазығұрт ауданының әкiмi Төлеген Телғараев жас спортшыны қабылдап, құрмет көрсеттi. Атақты Бiржан Жақыповтың iзiн жалғаған өрен әлем чемпионатына соңғы сәтте ғана жолдама алған едi. Себебi, Ташкенттегi Азия чемпионатында тәуiр жұдырықтасқан индонезиялық спортшы Гамбургке барудан бас тартып, бос жолдама Жомартқа берiлдi. Жерлесiмiз бұл мүмкiндiгiн керемет пайдаланды. Қола жүлде олжалап, көк туды биiкке желбiреттi. Әлемдік додада биік жетістікке жеткен жерлестерін қазығұрттықтар қошеметпен қарсы алған болатын. Жеңіске қол жеткіскен Жомартты бүгінде аудандағы спорт мектептері, түрлі оқу орындары кездесуге шақырып құрмет көрсетуде.
Жомарттың жетiстiгiн жоғары бағалаған аудан әкiмi Төлеген Телғараев спортшыға 300 мың теңгенiң сертификатын тапсырып, иығына шапан жапты. Алдағы сайыстарда сәттiлiк тiледi.
Ж.БЕКОВ. Қазығұрт ауданы.