Оңтүстік Қазақстан облысында елден ерек қарқынды бау егіліп жатыр. Басқалардан өзгешелігі бұл ерекше бақта тұт өсіріледі. Көшеттерді жергілікті бағбандар жабайы өсімдік тамырына будандастырып жасаған. Жеміс ағашының жаңа түрі «Нұрлы жер» деп аталады. Бойы аласа тұттың алақандай жапырағы жібек құртын өсіруге негіз болмақ. Кәсіпкерлер осылайша үзіліп қалған үрдісті қайта жандандырмақ ниетте. Жергілікті бағбандар тұт ағашының жаңа сұрпын шығаруға бақандай бес жылын сарп етіпті. Тіпті шетелден әкелген көшеттерді будандастырып көрген. Одан дұрыс өнім ала алмапты. Сосын жергілікті жабайы тұт тамырын қолданған. Жаңа сұрыптың төзімділігін Индия мен Қытай және Өзбекстанға жіберіп, ғылыми негіздеме жасатыпты. Ұшқын Фазылов, бағбан: -Ағаштарға қарағанда бұның жапырақтары үлкен. Жібек құртқа арналған. Бір жапырағы өзінің бабына келген кезде 4,5 граммға дейін жетеді. Үлкендігі адамның алақанындай болады. Биіктігі 2,5 метрден аспайды. Кәсіпкерлер бұл істі бастамас бұрын нарықты жан-жақты зерттеп шыққанын айтады. «Әлемде жібек жібіне деген сұраныс өте жоғары», – дейді бағбан. Тұқымбақта 10 миллион түп көшет бар. Сұлтанбек Бакиров, кәсіпкер: -Бұл жерде әрбір гектар 50 тонна жапырақ береді. Мың қорапқа жететін шикізат. 1 гектар жерден 50 тонна алса, нарықпен есептеп, 20 теңгеден жапырақ аламыз. Сонда 1 гектардан 1 миллион табыс табуға болады. Адамдарға құртты бағып беруге өтініш айтып жатырмыз. Олардан 1 келі пілләні 400 теңгеден баққаны үшін қосымша ақша береміз. Жеке кәсіпкер бірінші кезекте өнімді шикізат күйінде сатпақ. «Қазірдің өзінде сұраныс жоғары, бағасы да қонымды», – дейді бағбан. Жібек құртынан алынған піллә ғарыш, медицина, тоқыма сияқты 14 салада қолданылады. Одан 2 мың түрлі зат шығады екен. Бір ғана матаның 20 түрі бар. Бағбан болашақта жіп иіріп, мата мен кілем тоқу ісін де қолға алмақшы. Осы бағытта Оңтүстік Корея және италяндық инвесторлармен келіссөз жүргізіп жатыр екен. Жалпы ауданда үш мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істейді. Олар былтыр 9 миллиардқа жуық өнім өндіріп, қызмет көрсеткен. Ал қарқынды тұт бауы еліміз бойынша алғашқы ірі жобалардың бірі болмақ. Қазірдің өзінде онда 60 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.
Қанат Жүнісбеков