ОҚО Түлкісбас ауданында адал еңбегімен көпке үлгі болып, ел сенімінен шығып жүрген азаматтар аз емес. Солардың бірі — ардагер құрылысшы, “Курс” ЖШС-нің төрағасы Мұхтар Шерметұлы Мәмбетәлиев. 1968-1973 жылдары талапты жас Қазақ химия-технологиялық институтында оқып, инженер мамандығын алып шығады. 1973 жылы жолдамамен Целиноградтағы керамзит-бетон шығаратын зауытта шебер қызметін атқарады. Содан елге оралып, 1974-1988 жылдар аралығында Түлкібас колхозаралық құрылыс мекемесінде шебер, прораб, бас инженер болып еңбек етеді. Осылайша құрылыс саласында едәуір тәжірибе жинақтап, өз мамандығына деген адалдығынан айнымаған біздің кейіпкеріміз одан әрі өз алдына “Курс” ЖШС-ін ашып, оған өзі басшылық жасайды. Кәсіпкерліктің сан саласын мықтап меңгерген Мұхтар ағамыз талай игілікті істер атқарып, ел сенімінен шыға біледі. Іскер азамат, екі перзентінің асқар таудай әкесі Мұхтар Мәмбетәлиев адал еңбегінің арқасында бірнеше грамоталар мен Алғыс хаттармен марапатталып, 2013 жылы зейнеткерлікке шығады.
Жақында ардагер құрылысшы ағамыз республикалық Ұлттық бизнес-рейтинг оргкомитетінің төрайымы Г.Хабибрахманованың қолы қойылған бизнес саласындағы үлкен жетістігі үшін Алғыс хатымен марапатталып, кәсіптік және өзге де мерекелер туралы Заңына сәйкес, салалық іс-шараларды көтермелеу мақсатында республикалық “Ұстаз жолы” қоғамдық қорының шешімімен кәсіпкерлік саласында көп жыл еселі еңбек етіп, үздік нәтижелерге қол жеткізгені себепті “Елеулі еңбегі үшін” орденін өңіріне тақты. Марапатты “Ұстаз жолы” қоғамдық қорының президенті А.Тажибаевтің өзі жасады. Міне, бұл құрметтің бәрі Мұхтар ағамыздың адал еңбегіне берілген әділ баға деп айтсақ артық айтпағанымыз. Мұны енді еткен еңбектің мәуелі жемісі деп айтсақ та жарасатын шығар.
Орынтай КӨМЕКОВ