«Нұр Отан» партиясының Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы мен мемлекеттік мекемелер «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында меморандумға қол қойды. Қарттарға қамқорлық жасап, қажеттерін өтеуге арналған акцияға кәсіпкерлік палатасы мен бірнеше басқарма басшылары да үн қосты. Әсіресе кәсіпкерлер өз тарапынан аталған шараға барынша қолдау көрсететіндіктерін жеткізді. Ардагерлерге арналған мемлекеттік қолдау ең алдымен толыққанды әлеуметтік және экономикалық өмірге белсенді араластыруға бағытталуы керек. Жиынға қатысушылар аға ұрпаққа медициналық және тұрмыстық қызмет көрсетудің мобильдік түрлерін дамытуға байланысты пікір алмасты. Қарттарға көмектесетін еріктілер қозғалысына қолдау көрсету мәселесі де назарға алынды. Жалпы республикалық жоба аясында партия мүшелері бейнеконференцияға қосылып, қарттарды мемлекеттік қолдаудың негізгі міндеттері бойынша ой бөлісті. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тарапынан атқарылатын жұмыстар пысықталды. «Нұр Отан» партиясы мемлекеттік органдармен, үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып, ардагерлерді үйлерінде диспансерлік қарау, медициналық-әлеуметтік қызмет жасау, дәрі-дәрмекпен, жедел жәрдемнің электронды белгі бергішпен қамтамасыз ету шаралары бойынша жүйелі жұмыстар жүргізетін болады.
CАТТАР Есімбеков