Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Ордабасы ауданының әкімі Рашид Қайыпжанов Ашхабад қаласында өткен V Азия ойындарының қола жүлдегері, ордабасылық палуан Әділжан Ыстыбаевпен кездесті. Аудан басшысы қазақ күресінің абыройын асқақтатып жүрген спортшыны жеңісімен құттықтап, тілеулестігін білдірді. Әділжан бүгінгі таңда аудан орталығындағы Қажымұқан атындағы спорт мектебінде ізбасарларын қазақ күресінің қыр-сырына баулуда. Ауданда аталған спорт түріне қызығушылар қатары артып келеді. Оларды баулуда аға буын өкілдерінің еңбегі орасан. Алдағы уақытта ордабасылық жасөскіндердің арасында еліміздің атын аспандататын қайратты, күш жігерлі палуандар көптеп шығатынына сенім кәміл.
— Қажымұқан Мұңайтпасовтың елінен чемпиондар шықпаса, ол баршамызға сын. Осы өлкенің спортта өзіндік ізі бар тумалары аз емес. Әйтсе де, жеткіншектерді жаттықтырып, тәрбиелеу үшін әлі де көп күш керек. Ордабасы — чемпиондар еліне айналуы тиіс, — деді Рашид Үсіпханұлы өз сөзінде.
Әділжан Ыстыбаев 28 қазанда Астанада өтетін әлем біріншілігінде де сынға түспек. Палуанның бабы да, бағы да шапсын деп тілейміз
Связанные истории
30.09.2017
41723