Таэквон-до спортынан Солтүстік Кореяда өткен әлем чемпионатында өнер көрсеткен Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Шардара қаласының спортшысы Рамазан Қуандық ақтық сынға дейін сүрінбей жетіп, күміс медальға қол жеткізген еді. Пхеньяннан оралған спортшыны аудан әкімі арнайы қабылдап, жеңісімен құттықтады.
— Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсету бір абырой болса, жеңіс тұғырына көтерілу одан да зор абырой. Шардараның тарихында таэквон-до спортынан тұңғыш рет әлем чемпионатының күміс жүлдегері шығып отыр. Баршаңызды осынау жеңіспен құттықтаймын. Таэквон-до өнері нағыз жігіттерге тән жекпе-жек өнері. Осы спорт түрін жетік меңгерген Рамазан бауырымыздың бұл жеңісі – келешектегі олимпиада ойындарына алып баратын сара жол деп қабылдаймыз. Олимпиада жарысында да қазақтың туын биікке көтеріп, жеңіске жетеді деп сенеміз саған Рамазан! – деген Болатбек Дүйсенбекұлы оған «Алғыс хат» пен қаржылай сыйлық табыстады.
Вячеслав Барашкин секілді білікті бапкердің шәкірті болған Рамазан Қуандық 100-ге тарта мемлекет қатысқан әлем біріншілігінде қанжығамызға күмістен олжа салды. Алайда, Рамазанның бұл күміс жүлдесі шардаралықтар үшін алтынмен тең. Шиыршық атқан шымыр жігіттің арқасынан қаққан аудан басшысы келесі додада алтыннан алқа таға беруіне тілектестігін білдірді.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.
Связанные истории
30.09.2017
41723