Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Қазығұрт ауданы бүгінде орта және шағын кәсіпкерлікті дамытуда көші оңалып келеді. Аудан экономикасын көтеруге де қомақты үлес қосып отырған кәсіпорындар жетерлік. Негізінде жалпы облыста Қазақстанның индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде 2015-2019 жылдары Кәсіпкерлікті қолдау картасы бойынша құны 1,2 трлн теңгеге 17,5 мыңнан астам жұмыс орнын құрайтын 135 жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл бағдарламаның үдесінен шығуга қазығұрттықтар да үлес қосуда. Қазығұрт ауданында «Отырабат-Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің газ-бетон блогын шығаратын зауыты жұмысын қарқынды жүргізуде. Аудандағы индустриялды аймақта жүзеге асып отырған жоба жылына 12 мың шаршы метр газ-бетон блогын шығарады. Құны 120 миллион теңге болатын кәсіпорында 12 азамат жұмыс орны ашылған. Сонымен қатар, «Корпорация Сити Строй» серіктестігінің жылына 750 мың тонна асфальт шығаруға қауқарлы зауыты ашылды. Жобаның құны 280 млн теңгені құрайды. Ауданда алдағы уақытта бюджет қоржынына қомақты қаражат құятын өзге де өндіріс орындарын ашу көзделуде.