Елімізде азық-түлік пен тауар өндіруші кәсіпорындар шетелдік өндірушілерді шаң қаптырып кетпесе де, шүкір нарықтан ығыстыра бастады. Олар бүгінде өз брендтерін қалыптастырып үлгерді. Тұтынушыларға ортандық өнімнің импорт тауардан артық болмаса кем емес екендігін әлдеқашан-ақ дәлелдеп қойды. Бүгінде елімізде ғана емес, шетелдерге өнімдерін экспорттап отырған «Барыс-2007» ЖШС-і отандық өндірушілердің алдыңғы қатарында. Макарон және кондитерлік өнімдері бүгінде «Мадина» сауда белгісімен танымал. Бұрындары қазанымызда тек шетелдің кеспелері қайнап келген еді. Бүгінде отандық өндірушілердің арқасында бұл олқылықтың орны толды. Отандық ұннан жасалғандықтан да ма екен кеспеміз тым дәмді. «Мадинаның» арқасында… Бұрындары елімізде өндірілетін макарон өнімдері азық түлік нарығында тек 30 пайызды ғана құрайтын. Ал қалған 70 пайызы сырттан тасымалданатын. Ол кездері еліміз нетто-импортер болатын. Нарықтағы бос кеңістікті Түркістан облысындағы «Барыс-2007» ЖШС-і тиімді пайдалана білді. «Тассай» индустриалды аймағында орналасқан компания бүгінде шаруасын дөңгелетіп отыр. Статистика көрсеткендей ішкі нарықты қамтамасыз ету 60 пайызды құрап отыр. Ал сырттан келетін өнімдер азайды. Осының арқасында еліміз бүгінде нетто-экспортер болды. «Мадина» сауда белгісімен танымал макарон өнімдері бұған көп үлес қосып отыр. Еліміздің басқа өңірлеріндегі фабрикалармен бірігіп бұл нарықта шетелдік үлестің пайызын азайтуға күш салуда. Расында бүгінде шеттен келетін өнімдер қатары азайып, отандық үлестің салмағы артып келеді. Өндіріс қарқынын арттырған жағдайда алдағы уақытта тіпті шетелден әкелінетін өнімдер болмауы да мүмкін. Компания алдағы уақытта өндіріс цехтарын арттырмақ ниетте. Бүгінде мұнда 150 адам жұмыс істесе алдағы уақытта жұмыспен қамтылатындардың қатары да артады.