Күрішті өсіріп баптаудың қаншалықты қиын екенін маңдай терін төккен шаруа ғана біледі. Әсіресе «Ақ маржан» атты сұрыпына сұраныс жоғары. Бүгінде Түркістан облысы Шардара ауданындағы Ұзын ата ауылында күріш егетін диқандар қауымы баршылық. «Айткүл – Атақоныс» шаруа қожалығы бүгінде күріштен мол өнім алып келеді. Биыл 26 гектарға күріш егіліпті. Негізінен көп егетіндері ташкенттік – «Мустахиллик» деп аталатын сұрыпы. Негізі биылғы жылы шаруалардың жағдайы жақсы деп айтуға болады. Оның бірінші себебі – жылдың басында зиянкестерге қарсы күрес пәрменді түрде жүргізілді. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың тікелей қамқор болуымен шегірткеге қарсы жан-жақты ұйымдастырылған жұмыстар жүрді. Сондай нәтижелі күрестің арқасында шаруаларымыз шегірткеден дін аман шықты. Ал, былтырғы жылы жер төсін емген көптеген диқандардың еңбегін шегіртке жалмап, мардымды өнім ала алмай қалды ғой. Бір гектар алқапқа 250 келідей тұқым егіледі. Күріш тұқымының келісін 240 теңгеден сатып алыпты. Жалпы шығынды есептегенде, бір гектарға 250 мыңның қаражаты жұмсалады екен. Өнімділігіне келсек, гектарынан 75-80 центнерден күріш салысын алуды жоспарлап отыр. Гектарынан 80 центнерден өнім береді. Себебі, масақтағы дәннің шығымы жақсы. Бір түп сабақта 200-ге дейін дән бар. Бұл өте жақсы.. Егер 80 центнер күріш салысын алатын болса, соның 25-30 центнері таза күріш болып шығады. Салының әр келісі 50-60 теңгеден, ақталған күріштің келісі базар бағасына қарай 200 теңгенің айналасында сатылады. Алдағы уақытта күріш алқаптары молайтуды жоспарлап отыр.