Түркістан облысына қарасты Созақ ауданындағы Құмкент ауыл округінің тұрғыны Мұратбек Төребеков ауыл ішінен өзінің жеке бизнесін ашып жұршылықты қуантып отыр. Оның айтуынша «Жігітке жеті өнерде аз. Еңбектенетін адамға бейнеттенетін шаруа табылады» — дейді. Өнеркәсіп ішінде алты қанат киіз үйден бастап, темірден иілген бастырмалар да, цементтен жасалған дуалдар да және тас төсегіштердің де түр-түрін жасайды. Бүгінде оның жасаған өнімдеріне сұраныс артып отыр. Алты ай жаз мал шаруашылығын дамытуға білек сыбана кірісетін қойшы қауым киіз үйге тапсырысты көптеп береді. Жинауға да, алып жүруге де қолайлы көшпелі үйдің бағасы соншалықты қымбат та емес. Нағыз хас шебердің қолынан шыққаны көрініп тұр. Ағаштары да берік, барлық жиынтығы түгел. Темірден түйін түйген ұста бүгінгі күні сәнге айналған есік алдына көлеңке боларлық бастармалар жасауда. Оюының қиюын келістіріп, әсемдеп жасағана дүниені сапалы болған соң сатып алатындар жетерлік. Үй қоршауына арналған берік дуалдар да ұстаның қолынан шыққан.