Түркістан облысына қарасты Бәйдібек ауданындағы ауыл аймақтарда бүгінде мал шаруашылығы қарқынды түрде дамып келеді. Қаратаудың шұрайлы аймағына орналасқан Борлысай ауыл әкімдігінің орталығы — Ақтас ауылы. Бұл округке Ақтас, Кеңсай, Қошқарата, Шұқыршақ елді мекендері қарайды. Тұрғындардың негізгі күнкөріс көзі — егін және мал шаруашылығы. ауыл округінің жері көлемі — 40 549 гектар. Оның 28 733 гектары жайылымдық, 33 557 гектаруы ауыл шрауашылығы, 4824 гектары егістік алқап. Аталған шаруашылықтар бойынша ауылдықтар жыл сайын қамбаға мол астық құйып, мал отарларын көбейті үстінде. ауыл аумағының дамуына сол аймақта тұратын кәсіпкерлердің қамқор болатындығы белгілі. Осы орайда Кәрім Оспанов, Бейсен Жарқынбаев, Шернияз кенжетаев, Темірхан Төреханов, Байхан Дәулетбақов сияқты тағы да басқа ауыл азаматтарының істеріне көпшілік дән риза. Кеңес Одағының тұсында яғни, 1977 жылдың 22 маусымында жаңадан «Ақтас» жылқы зауыты ашылып, оның құрамына бұрынғы Ктиаевка, қазіргі Бәйдібек ата, Михайловка қазіргі Қошқарата, Ақтас бөлімшелері енді. Осылайша іргетасы 1977 жылы қаланған асылтұқымды жылқы зауыты Тәуелсіздігіміз жарияланғаннан кейін де 1996 жылға дейін жұмыс жүргізді. Ал жекешелендіру күшіне мінген 1996 жылдың сәуір айында жеті шаруашылыққа бөлінді. Қазіргі таңда ондаған ұсақ шаруашылықтарға айналған ауыл тұрғындары мал және егін шаруашылығын дамыту арқылы өздерінің әлеуметтік ахуалын көтеруде. Жылқы шаруашылығын мықты меңгерген борлысайлықтар бүгінде асыл тұқымды жылқы басын көбейтуде. қымызын баптап ұстайтын ауылдықтар былтыр қымызмұрындық фестивалінде бас бәйгені жеңіп алған болатын.