Өңір тұрғындарын қажетті инфрақұрылыммен қамту басты бағыттағы жұмыстардың бірі болып отыр. Сол себептен өңірде биыл жасыл экономикаға байланысты 6 жоба жүзеге асырылмақ, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі. Соның бірі Сарыағаш ауданы Жылға ауылдық округіндегі күн электрстанциясы. Сарыағашта құны 14 млрд теңгені құрайтын бұл жобаны қолға алған «EcoProTech-Astana» ЖШС-і сағатына 20 мВт электр қуатын өндіруді көздейді. Бүгінде құрылыс жұмыстарының жалпы жер аумағы 41 гектар аумақты алып жатыр. Cтанцияның құрылыс жұмыстары отандық инвестордың қаржысы есебінен жүргізілуде. Бұл өндірген электр қуатының басым бөлігін теміржол саласына бағыттайтын алғашқы станция болғалы тұр. Бұл жасыл экономиканы дамытуға бағытталған маңызды қадам. Күрделі жобаның құрылысын «DAY ENERGY GmbH» компаниясы жүргізуге кірісті. Сапалы электр қуатын өндіруге арналған станция негізінен неміс елінің тәжірибелерін қолданады. Бұдан бөлек, облыста Төлеби ауданында қуаты 2,5 МВт болатын «Кеңес» шағын су электр станциясы салынады. Сондай-ақ, Жетісай қаласында 10,7 га аумаққа қуаты 4,8 МВт болатын күн электр станциясының құрылысы жүргізілмек. Ал, Бәйдібек ауданында қуаты 40 МВт және Отырар ауданында жалпы қуаты 135 МВт күн электр станциялары бой көтереді.Бүгінгі күні облыста қазірдің өзінде жалпы қуаты 10,22 МВт-ты құрайтын 10 жаңартылатын энергия көздерінің нысаны бар. Оның 4-і күн электр станциясы, 5-і шағын су электр станциясы және 1-і биогаз қондырғысы. Осының есебінен облысты жаңартылатын энергия көздерімен қамту деңгейі 2017 жылы 2,7 пайыз болса, 2018 жылы бұл көрсеткішті 3,1 пайызға жеткізу көзделуде.