Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданы мал шаруашылығы қарқынды дамыған аудандардың бірі. Ал егін шаруашылығы бойынша да асығы алшысынан тұр. Жыл сайын бидай ору науқаны ең алдымен Қазығұрттан басталады. Бүгінде ауданда мал сою, сүт қабылдау бекеттері мен қарқынды бау өсіру және жеміс-жидек қабылдау бекеттері сынды жалпы саны 40 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылған. Оның 19 өткен жылы құрылса, биыл 21 кооператив құрылған. Аграрлы аймаққа жататын таулы өңірдің ауыл шаруашылығын дамытуға жылда ерекше екпін беріледі. Былтыр ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 29 млрд. теңге болса, биыл 32 млрд. теңгеге жетеді деген жоспар бар. Шарапхана ауыл округіне қарасты Махамбет Өтемісұлы ауылындағы «Қаратас» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі бүгінде ірі шаруашылыққа айналып түтінін түзу ұшырып отыр. Өткен жылдың соңында құрылған сүт шаруашылығымен айналысатын кооперативтің бүгінде 117 мүшесі бар. Бірігудің арқасында шаруалар мемлекет тарапынан тиісті көмектер алып, шаруашылықтың өрісін кеңейтуде. 700 –ден астам сауын сиырдан тәулігіне 1 тоннадан астам сүт алады. Алдағы уақытта тәулігіне 3 тонна сүт алуды жоспарлап отырған шаруалар құны 5 млн теңге болатын сыйымдылығы екі тонналық модульді сүт қабылдау бекетін сатып алған.Мұндағы өндірілген өнім «Фуд Мастер» серіктестігіне майлылығана қарай литрі 80-85 теңгеден өткізіледі.