Бүгінде Түркістан облысында құрылыс қазаны қайнап жатыр. Соған орай құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындардың жұмысы да тоқтаусыз жүріп тұр. Құрылыс және инфраструктура саласында өңірімізде сапаны арттыру, жасыл технологияны ендіру міндеті тұр. Ол үшін шетелден арнайы білікті мамандармен тәжірибе алмасу, түрлі семинарлар өткізілуде. «Оңтүстік» еркін экономикалық аймағы бұл тарапта үлкен істер атқаруда. Жуырда өңірімізге кореялық мамандар ат басын бұрған болатын. Корейлік бетон және құрылыс интституты мамандары келіп жергілікті кәсіпкерлермен тәжірибе бөлісті. Өңірімізде қарқын алған құрылыс саласының барысымен танысқан шетелдік мамандар өз біліктіліктерін үйретті. Одан бөлек бірлесе отырып ғылыми тәжірибелік жобалар жүргізу, тәжірибелі-конструкторлық және маркетингтік зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін меморандумға отырды. Робототехника саласы бойынша қол ұшын бермек. Аграрлық саланы алға сүйреу мақсатында, инфраструктураны дамытуға, археологияны, геология, геодезияны бірлесе дамыту үшін келісімге келді. Корей бетон және құрылыс институтының вице-президенті Ким Янг Джин алдағы уақытта Түркістан облысында ірі құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін корейлік компаниялардың инвестор болатындығын жеткізді.