Түркістан халқы мал шаруашылығымен қатар, егістікті баптап, игеруден ілгері қадамдап келеді. Мысалы: көне шаһарға қарасты Қарашық ауылында 15 отбасы бір шаруа қожалығына бірігіп, тату—тәтті еңбек етуде. Нәтижесінде, бірнеше гектарға дәнді—дақыл егіп, облыстың өркендеуіне өз үлестерін қосуда, деп хабарлайды «Оңтүстік» арнасы. Қарашық ауылының тұрғындары егін шаруашылығына бейім. Бұған – мына жасыл желекке оранған егістік дәлел. «Шарап» шаруа қожалығында 15 отбасы қызмет етеді. Адал еңбек пен төккен тердің арқасында жыл сайын өнім көлемі артып келеді. Биылғы құрғақшылыққа қарамастан, құдық қазып бау—бақшасын суаруда. Шарипидин Рахымұлы – «Шарап» шаруа қожалығының төрағасы «Биылғы су қойманың тоқтап қалғанына қарамастан, еккен егініміз өз өнімін беріп жатыр. 18 метр құдық қазып, суарамыз. Жаман емес, қауын—қарбыз, қызанақ, қиярларымыз жемісін беруде». «Сауап» шаруа қожалығы да табысты ісімен елге үлгі. Ұжымда 8 отбасы бірігіп, еңбек етеді. Биыл олар 10 гектарға жоңышқа, қарбыз, бидай, 6 гектарына — мақта, 3 гектар жерге жүгері еккен. Әр 1 гектар алқапта қызанақ қызарып, қияр жайқалып тұр. Өнім көлемі жоғары. Табиғи таза болғандықтан, сұраныс та жоғары. Еңбектің еш кетпегеніне шаруалар риза. Абдуғаппар Маменов – «Сауап» шаруа қожалығының төрағасы «Бұл жерде отбасы боп бірігіп еңбек етеміз. Мақта, жүгері биыл жақсы өнім беріп жатыр. Бұйырса шаруа қожалығымыздың ауқымын кеңейтеміз». Береке түбі – бірлік. Алақандай ауылдағы ағайынның татулығы таң қалдырады. Кәсібінің нәсібін көргендер: «ауылдың дамуына да ықпал етсек», — дейді.
М.Әсембек