Түркістан облысының диқандары биыл 61,4 мың гектар жерге қауын мен қарбыз еккен. Одан 1 миллион 330 мың тонна өнім алды, деп хабарлайды 24.kz. Оның ішінде бақша дақылдарын жинаудан жыл сайын рекордтық көрсеткішке қол жеткізетін мырзашөлдік бағбандардың еңбегін айрықша атап өтуге болады. Осыған орай Жетісай мен Мақтарал аудандарында «Қауын fest» фестивалі өткізілді. Нұралы Сұлтанбеков фестивальға Мақтарал ауданының Жаңа жол ауылынан келген. Шаруақожалық иесі бақша өнімдерінің ішінен жүзім мен қауын-қарбыз өсіреді. Нұралының валет, жиенұрық сұрыптағы қауындарына сұраныс жоғары. Былтыр Ресейге тасымалдаса, биыл Еуропа асырыпты. Нұралы Сұлтанбеков, шаруа қожалық төрағасы: – Былтырғыға қарағанда, биыл жақсы. Ауа райы да ыстық болды. Бізде 12 гектар жүзім бар, соның 10 гектарынан өнім алып жатырмыз. Ендігі жылы 2 гектар тағы қосылады. Мырзашөл өңірі мақтаны былай қойғанда, бұрыннан қауын-қарбызымен де танымал. Аудан бақша дақылын өсіруге өте тиімді аймақ болып табылады. Ал «жер емген» бағбан еккен қауындардың сұрпын осы Жетісайдағы ғылыми-зерттеу институтының мамандары дайындайды. Мәселен, бір жаңа қауынның сортын ойлап табу үшін ғалымдар 7-8 жылын сарп ететін көрінеді. Қазір де институт мамандары қауын мен қарбыздың эскпортқа лайықталған түрін жарыққа шығармақ. Ибадулла Үмбетаев, Қазақ мақта-шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры: – Біздің шығарған қауындар экспортқа бағытталған. Келешекте бұдан басқа сорттар шығарамыз. Өйткені ол қауын қақ дайындауға, қауынның шырынын дайындауға әрі көптеген өнім дайындауға жарамды. Облыста тұңғыш рет өтіп отырған бақша өнімдері фестивалінде қауынның 27 түрінен 30 тонна көлемінде өнім әкелінген. Ең үлкен қауын 20 келіні құраса, ал қарбыз да осы шамалас. Биыл түркістандық шаруалар жалпы 61,4 мың гектар жерге қауын мен қарбыз еккен. Бітік шыққан өнімнің 80 пайызы экспортқа жөнелтілген. Нұрбек Бадырақов, облыстық ауыл шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары: – Мақта дақылынан алынатын табыс көлемі 250-300 мың теңге көлемінде болатын болса, бақша дақылынан алынатын табыс көлемі 1 миллион 250 мыңға дейін. Қауын фестивалінің мақсаты да осы бақша өнімдерінен алынған өнімді одан әрі ұлғайту. Экспорт көлемін 2,5 есеге арттыру. Нұрбек Байбосын, тілші: – Биыл Түркістан облысының диқандары қауын-қарбыздан 1 миллион 330 мың тонна өнім жинаған. Ол өткен жылмен салыстырғанда, 80 мың тоннаға артық. Сондай-ақ Мырзашөлдік диқандардың өзі мақта өндірісін былай қойып, қауын-қарбызмен айналысуды жөн деп тауыпты. Себебі бақшадан пайда мол. Тіпті қауын-қарбыздан тосап, шырын жасауды қолға ала бастаған. Сондай-ақ шара аясында тосап дайындаушылар сайысы, «Ең үлкен қауын», «Ең дәмді қарбыз», «Ең тәтті тосап», «Ең үздік бақша өнімдерін ұсынған ауыл әкімдігі» атты номинациялар бойынша жарыстар ұйымдастырылып, бас жүлдеге темір тұлпар тарту етілді.