Құрылыс экономиканың күретамыры. Бүгінде жаңадан құрылған Түркістан облысында құрылыс қарқынды түрде жүргізілуде. Әсіресе мектеп құрылыстарына көптеп көңіл бөлінуде. Жетісай ауданында 300 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Құзылқұм ауылдық округіне қарасты Ақтөбе елді мекеніндегі білім ұясының ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев қатысты. Ата-аналар мен оқушылардың қуанышымен бөліскен облыс басшысы алдағы жылы өңірде 40-қа жуық білім ұясының құрылысы басталатынын айтты.
«Мұндай мектептердің қатары жыл санап арта түсетін болады. Бұл Елбасының Түркістан облысының халқына деген ерекше қолдауының арқасында іске асып жатқанын ұмытпауымыз керек. Сондықтан осындай заманауи мектептердегі білім сапасы да жоғары болуы тиіс», — деді Жансейіт Қансейітұлы.
Құрылысы 2017 жылдың тамыз айында басталған білім ұясының жалпы сметалық құны – 819 млн 541 мың теңгені құрайды. Оның 737 млн теңгесі республикалық, ал 81 млн теңгесі облыстық бюджет есебінен бөлінген.
Құрылыс жұмыстарын жергілікті «Нұрлі-Л-Жетісай» ЖШС-гі жүргізіп, 9 айда сапалы әрі сәнді етіп аяқтап отыр. Ғимараттың жалпы ауданы 6936,39 текше метр. Заман талабына сай салынған ғимаратта оқушылар асханасы, 150 орындық мәжіліс және спорт залдары бар. Оқу бөлмелері де жабдықталған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі