Түркістан облысына қарасты Созақ ауданындағы Сызған ауылдық округінде кәсіпкерлік саласы бойынша 24 шағын кәсіпкерлік субьектілері тіркеліп, оларда тұрақты 36 адам жұмыспен қамтылған. 14 азық-түлік дүкені, 1 дәріхана, 2 шайхана, 2 тойхана, 4 монша, 1 АЖБ жұмыс жасайды. Алдағы уақытта шағын кәсіпкерлікпен айналысатын субьектілердің санын көбейтіп, халыққа қызмет көрсету жұмыстары жүргізіле береді. 2018 жылы тігін цехы, тоңазытқыш, теледидар, телефон, компьютер жөндейтін орын, монша ашу жоспарлануда. Таза ауыз су бағдарламасына байланысты Сызған ауылдық округі бойынша 11,7 шақырым жерге су құбыры төселіп, Қозмолдақ, Сызған елді мекендерінде 91 жеке тұрғын үй мен 7 мекеме ауыз сумен қамтылған. Қайнар және Басбұлақ елді мекендерінде жер асты суы зерттеліп, бүгінгі таңда оң нәтиже беріп отыр, яғни алдағы уақытта Қайнар елді мекеніне таза ауыз сумен қамту үшін құрылыс жұмыстары жүргізілетін болады. Ал Басбұлақ елді мекенінде қазіргі таңда жер асты суын зерттеудің нәтижесінде су бұрғылау құрылысы жұмыстары жүргізіліп жатыр. “Ауылдық округте жүйелі жұмыстар әрдайым жүргізіліп отырады. Бүгінгі таңда жеткен жетістіктерімізді мақтанышпен айта аламыз. Ауданның дүбірлі тойы 90 жылдыққа біздің ауылдық округ көптеген жетістіктерімен жетті. Демеушілер, кәсіпкерлер, ауылдан түлеп ұшқан түлектер халық игілігі үшін түрлі нысандар салып, пайдалануға беріліп жатыр. Алдағы уақытта мұндай тірліктердің қатары өсіп, алға ілгерілеушілік арта түсетінін мол сеніммен айта аламын, барша аудан халқын киелі мекеніміз” — дейді ауылдық округ әкімі Серік Сахиұлы.
Нұрсұлтан Қанатұлы