Жетісай ауданына насихат тобын басқарып келген Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ербол Тасжүреков Асықата кентіндегі «Корпорация Ақ — алтын» ЖШС-нің мақта зауыты мен «Ақ — алтын Береке» ЖШС-нің сүт өңдеу цехының жұмысымен танысты.
Ербол Қуанышұлы алдымен мақта зауытын аралап көріп, ондағы жұмыстарға оң бағасын берді. Аталған кәсіпорында бүгінде 150 адам еңбек етеді. Күзгі науқан басталғалы зауыт 9 мың тонна мақта қабылдап үлгерген. Қазір кәсіпорын 2400 тонна мақтаны қайта өңдеп, нәтижесінде 800 тонна мақта талшығы мен 1200 тонна шит дайындаған. Зауыт 3 кезеңде 30 адамнан 24 сағат тоқтаусыз жұмыс істеуде.
«Бүгінгі таңда зауыт серіктесі «Дрейфус» компаниясы мақтаның әр тоннасын 183 теңгеден қабылдап жатыр. Ең бастысы – биылғы мақтаның сапасы өте жоғары. 2014 жылы қайта құрылымдаудан өткен зауытымыз жылына 62 мың тонна мақта шикізатын өңдеуге қауқарлы»,- дейді «Корпорация Ақ — алтын» ЖШС-нің басшысы Айдархан Өтенұлы.
Мұнан соң Ербол Қуанышұлы «Ақ — алтын Береке» ЖШС-нің сүт өңдеу цехының тыныс-тіршілігімен танысты. 2008 жылы құрылған кәсіпорында бүгінде 7 адам қызмет етеді. Цехта жылына 280-300 тонна сүт өнімдері өндіріледі. Кәсіпорын қорасында қазіргі таңда 200 бас ірі қара мал бар болса, соның 65-сы сауынды саналады. Яғни мұнда тәулігіне 900 литр сүт өндіріледі. Цех өнімдері Жетісай ауданындағы мектептер мен балабақша және ауруханаларға таратылады. Кәсіпорын басшылығы облыс әкімінің орынбасарына алдағы уақытта қайта модернизациялауға 65 млн теңге қажет екенін алға тартты.
Облыс әкімі орынбасары мұнан соң Шардара мен Жетісай аудандарының шекаралық аймағындағы қараусыз қалған демалыс орындарының бүгінгі жай-күйімен де танысты. Сондай-ақ, ол аудан басшылығымен ішкі туризмді дамыту жолдарын талқылады.
Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметі