Түркістан облысына қарасты Кентау қаласы даму үстінде. Қаланы қажетті инфрақұрылыммен қамту күн тәртібінде тұр. Қалаға табиғи газ беру ісі келер жылдан басталады деп күтілуде. Биыл қала ішіндегі ішкі орамдарды сақиналау жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы, қала ішін газдандыру жұмыстары үш кезең бойынша жүзеге асады. Бүгінгі күнге бірінші кезеңдегі жұмыстардың 60-70 пайызы бітті. Екінші, үшінші кезең жұмыстары да басталуға жақын. Келер жылдың соңында газ беру басталса, 2020 жылдың соңына қарай қаланы газдандыру ісі толық бітеді. Сонымен қатар, қалаға қарасты Хантағы ауылына да газ құбырын тарту жұмыстары жүруде. Келер жылы Қарнақ, Байылдыр, Құсшы ата елді мекендеріне газ құбыры тартылады. Жоспар бойынша 2021 жылдың соңында Ащысай ауылынан басқа Кентау аумағын толық газбен қамтылып бітуі тиіс. Қалада көпқабатты тұрғын үй құрылысы біразға дейін тоқтап қалған болатын. Тек 2015 жылы 60 пәтерлі бір көпқабатты үй салынып, тұрғындардың игілігіне берілді. Ал, биыл қалада жеті тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Барлығы да 60 пәтерлік, 5 қабатты үйлер. Оның екеуінің құрылыс жұмыстары бітті. Көп ұзамай пәтер кезегінде тұрған 120 тұрғын баспаналы болады. Бес тұрғын үйдің құрылысы келер жылға өтпелі. 2019 жылы 300 отбасына пәтер беріледі. Одан бөлек, 15 тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірледік. Бюджеттің қаржыландыруына байланысты, көпқабатты тұрғын үй салу жұмыстарын алдағы уақытта да жалғастыратын боламыз. 2021 жылдың соңына дейін 42 көпқабатты тұрғын үй саламыз деген жоспарымыз бар. Нәтижесінде пәтер кезегінде тұрған көптеген қала тұрғындарының баспана мәселесі шешіледі. Облыс әкімі Ж.Түймебаевтың тапсырмасына сәйкес жас мамандарға арналған қызметтік үш үй салынуда. Оның біреуі қалада болса, қалған екеуі Байылдыр мен Хантағы ауылдарында бой көтеруде.
Okg.kz