Түркістанда құны 44 млрд. теңге болатын ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда, 18 пайызға артық. Көрсеткіштің артуына, әсіресе, егін шаруашылығының үлесі зор, деп хабарлайды «Оңтүстік» арнасы. Бүгінде түркістандықтар тұтынатын ауыл шаруашылығы өнімінің басым бөлігі қала аумағында өндіріледі. Атап айтқанда, жұмыртқаның — 70, сүт өнімдерінің 80 пайызы осындағы серіктестіктердің еншісіне тиесілі. Ал, ет, бақша өнімдері сұраныстан артық өндіріліп, шетке экспортталуда. Мал шаруашылығында да жетістіктер бар. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша жоспар екі есеге артығымен орындалды.
Статистикаға сүйенсек, қала тұрғындары жылына 10 млн. данадан астам жұмыртқа тұтынады. Бүгінде соның 50 пайызын «Яссы құс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өндіруде. Кәсіпорын қазір 20 мыңнан астам тауық ұстайды. Күніне 20 мыңдай жұмыртқа нарыққа шығарылады. Мұнда 20-дан астам тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған.
Істің көзін тапқан серіктестік қожайындары енді тауық қораны ұлғайтып, қала сұранысын толық қанағаттандырудың қамына кіріскен. Ол үшін жобаның екінші кезеңін жүзеге асырмақшы. Келесі айда меже орындалса, өнім көлемі екі есеге дейін артады.
Ал, ағарғанға келгенде, түркістандықтар күніне 4 мың тонна сүт және сүт өнімдерін тұтынады. Осы бағыттағы сұранысты қанағаттандыру үшін қалада екі кәсіпорын жұмыс істейді. Соның бірі — 12 түрлі өнім өндіретін «Тұран» шаруа қожалығы. Қала халқының сапалы тауар тұтынуына жағдай жасап отырған қожалық биылдан бастап, құрғақ сүт шығару ісін қолға алмақшы. Егер мақсат орындалса, түркістандықтар жыл 12 ай бойы жергілікті сүт өнімін тұтынатын болады.
Ауыл шаруашлығы саласындағы шаруалардың жұмысына дем беру үшін өткен жылы мемлекет тарапынан 1 млрд. 490 млн. теңге көлемінде субсидия беріліпті. Оның 180 млн-ы гербицидтер мен тыңайтқыш алуға жұмсалса, 209 млн-ы тұқым шаруашылығын дамытуға бағытталған. Сонымен қатар, 154 млн. теңге инвестициялық шығындарды субсидиялауға жұмсалған.
Мемлекеттік қолдаудың арқасында соңғы уақыта осы салаға инвестиция салушылардың да қатары артқан. Мәселен, 2017 жылы ауыл шаруашылығы саласына жеке кәсіпкерлер есебінен 1 млрд. 740 млн теңге инвестиция тартылған.
М. Жарылқасын