ШЫМКЕНТТЕ СУ ТАСҚЫНЫНЫҢ АЛДЫН АЛАТЫН БІРЕГЕЙ ЖОБА ҚОЛҒА АЛЫНДЫ
Қала әкімі Мұрат Әйтеновтің тапсырмасы бойынша қала аумағындағы су қоймаларына мониторинг жасайтын ультрадыбыстық сәуле таратқыш пен LoRaWAN радимодем датчигі орнатылды. Бұл жоба Республикада алғаш рет Шымкент қаласында жүзеге асып отыр. Арнайы құрылғы ультрадыбыстық толқындардың көмегімен су түбінен бетіне дейінгі әр миллиметрді дәлдікпен анықтайды.
Арнайы құрылғы тасқын қауіпінің алдын алуға, күнделікті су деңгейін анықтауға және болжам жасауға мүмкіндік береді
Бұл жөнінде баспасөз брифингте Төтенше жағдайлар департамент басшысының орынбасары, полковник Жәнібек Кәрімбаев мәлімдеді.
–Су қоймаларына арнайы құрылғы орнату жұмысы «Цифрландыруды және цифрлық инфрақұрылымды дамытудың 2020-2021 жылдарға арналған» Жол картасы негізінде қолға алынды. Бұл датчиктер Бадам, Тоғыс су қоймаларында және Бадам өзеніне орнатылды, -деді Жәнібек Тұрлыбекұлы.
Қазіргі таңда Шымкентте тасқын жағдайы бір қалыпты. Қала аумағындағы су қоймаларында толу деңгейі 15-42% жеткен. Төтетнше жағдай орын алған жағдайда артық суды қабылдауға жеткілікті қор қарастырылған.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі