Мақта саласына инвестор тарту басты талап Мақталы өңір Жетісайда мақта шаруашылығын дамыту ұдайы басты назарға алынған. Аталған салаға инвестор тарту, өнімділігін арттыру үшін тиісті жұмыстар атқарылып келеді. Аграрлық сектордың даму деңгейi барлық уақытта қоғамның әлеуметтiк-экономикалық әл-ауқатын анықтаушы факторы болғандықтан бұл салаға байланысты мәселелердің барлығын басты назарында ұстап, саланың даму мен өнімділіктің барысын тұрақты қадағалап, талқыланып отырады. Түркістан облысына қарасты Жетісай ауданының әкімі Мұрат Болатұлы мақталы өңірлерде өсірілген мақтаның бағасын қалыптастыру және мақтаны терең өңдеу өндірістерін дамыту қажеттілігі бойынша көршілес Өзбекстан елінің «Anteks Group» компаниясының өкілдері Даврон Касымов пен Акмаль Абдувалиевті қабылдады. Кездесу барысында аудан әкімінің ауыл шаруашылығы саласы бойынша орынбасары Асан Маханбетов пен аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Данияр Толыбаев инвесторларды ауданның әлеуетімен таныстырып, ауыл шаруашылық алқаптарда өсірілген мақта сорттары мен оның көлемдері, жинау науқанына қатысатын техникалардың түрлері, одан бөлек мақта өңдеу зауыттарының қуаттары бойынша толық мәліметтер берді. Аудандағы өсірілген мақта шикізатын дихандардан нарықтағы қалыптасқан бағамен сатып алу жұмыстарын шұғыл түрде ұйымдастыру және оны жергілікті зауыттарда өңдеу арқылы экспортқа шығару, мақта талшығын терең өңдеу үшін ауданда қуаттылығы 5 мың тонна жіп иіру фабрикасын салу жөнінде ұсыныстарын айтты. «Біздің ұсыныстарды қабыл алып, аудан аумағынан мақта шикізатын қайта өңдейтін кәсіпорын ашатын болсаңыздар біз сіздерге жан-жақты көмектесуге дайынбыз. Жер беру, инфрақұрылыммен қамту, инвестициялық субсидиялау, кедендік, салықтық құжаттандыру және басқа да әкімшілік кедергілерді болдырмау бойынша қолдау көрсетілетін болады» деді аудан басшысы. Сапардың барысында өзбекстандық кәсіпкерлер Асықата кентіндегі «Ақ Алтын» мақта өңдеу зауытында болды. Бүгінде аудандағы тұқымдық шиттің басым бөлігін дайындайтын зауыттың мүмкіндіктерімен, мақта сорттарымен танысты. Алдағы уақытта айтылған ұсыныстар бойынша нақты шешімдер қабылданатынын айтқан инвесторлар бірігіп жұмыс істеуге дайын екендіктерін жеткізді.