Кәсіпкер мұқтаж жандарға баспана салып берді Қайырымдылық жасау қазақтың қанына сіңген қасиет. Мұқтаж жандарға барынша қамқорлық жасап жүрген Атымтай жомарт азаматтар бүгінде баршылық. Жуырда Түркістан облысы, Жетісай Ауданы, Ынтымақ ауылдық округінде жасалған қайырымдылық іс көпшілікті тәнті етті. «Еуразия» ЖШС басшысы, меценат, кәсіпкер Мадәлі Тәжібаев қос бірдей отбасыға баспана сыйлап, қуанышқа кенелтті. Баспана отбасыларға салтанатты түрде тарту етіліп, шараға Жетісай ауданы әкімінің орынбасары А.Тасов, ауыл әкімдері мен ақсақалдар, ауыл тұрғындары қатысты. Аяқ астынан, ойламаған жерден үйлі болу бақытына ие болған жанның бірі, Ұлбосын Құсанова. Жалғызбасты ананың 4 перзенті бар. Ауылдық жерде жұмыс болмаған соң, Ш.Ділдәбеков ауылдық округінде күндік жұмыстарға жалданып, нәпақа тауып келген. Тапқан аз ма табысының біраз бөлігі не пәтер жалдап тұрса, біразы азық-түліктен артылмай келген. Көптен бері арман болған баспаналы болу бақыты ойда жоқта бұйырғанына алғашында сенер сенбесін де білмегенін айтады. Баспаналы болып, қуанышқа кенеліп отырғандардың бірі – Ынтымақ ауылдық округінің тұрғыны Нұржан Сопбеков. Өзі үшінші топ мүгедегі, жары Мадинаның да денсаулығы жиі сыр береді. Бұған дейін отбасы 10 жылға жуық пәтер жалдап тұрып келген екен. Өзіндік мұң мұқтажы да жетерлік. Мүгедектікке берілетін зейнетақы мен түрлі жұмыстармен күнелтіп келген. «Біздің жағдайымызды ескеріп, кеудемізден итермей осылай көмек беріп жатқан азаматтарға, аудан басшысы мен баспана сыйлап отырған кәсіпкер ағамызға айтар алғысымыз шексіз. Енді біздің де өз үйіміз, перзенттеріміздің өз бөлмелері болады», – дейді қуанышымен бөліскен Мадина Жаныбаева. Әрине баспаналардың шын мұқтазж жандарға бұйырғанына ауылдастары да қуанулы. Аталмыш сауабы мол игі шараның басы-қасында жүрген азаматтардың айтуынша, баспанаға шын мұқтаж отбасыларды анықтауда аудан әкімінің орынбасарлары төрағалық жасайтын комиссия мүшелері жан-жақты зерделеу жұмыстарын жасаған. Жанашыр азаматтардың ортақ шешімімен осы екі отбасыны лайық деп тауыпты. Баспаналы болуды армандап жүрген отбасы мүшелері жомарт азаматқа алғыстарын жаудырды. Меценат кәсіпкер мұндай қайырымдылық шарасының алдағы уақытта да жалғасын таба беретінін айтады. Кәсіпкер мақталы өңір Жетісай ауданына 2010 жылы келіп, аудан мақта зауытын салып, кәсібін ашқан екен. Жеңілөнеркәсіпте аса зор сұранысқа ие ақ алтынды саудалап несібесін арттырып отырған азамат сауапты істі де ұмытпайды. Кәсібін бастаған жылдан бастап әр жыл сайын қайырымдылық шараларын жасап тұрады. Баспанаасыз жүрген отбасыларға өз қаражаты есебінен заманауи үй тұрғызып берген. Сауабы сансыз іске мұрындық болған жомарт жанға алғыс жаудырушылардың қатары көп.