Салаға салынған инвестиция көлемі 39,3 млрд. теңгені құрады Түркістанға өңірдің туристік әлеуетін зерделеу мақсатында Ферғана облысынан делегация келді. Бұл кездесуге туризм басқармасының өкілдері, бизнесмендер, туроператорлар, қонақ үй бизнесінің иелері де шақырылды. Мұнда екі жаққа да маңызды мәселе – туристік ағынды арттыру үшін қалай бірлесіп жұмыс істеу керегі талқыланды. 2022 жылы салаға салынған инвестиция көлемі 39,3 млрд. теңгені құрады. Түркістан облысының нөмірлік қоры 9 мыңға жуық орынды құрайды. 2022 жылы Түркістан облысына 180 мыңнан аса турист келді. Олардың 30%-ы Қазақстанның рухани астанасына көрші Өзбекстаннан келген. Өзбекстаннан Түркістанға негізінен мәдени-танымдық әсер алуға ұмтылған туристер мен киелі жерлерге зиярат етушілер келеді. 2022 жылы Өзбекстанға 3 млн турист келген, осы көлемнің бір бөлігі саяхатын әрі қарай Түркістанға жалғастыра алады. Қатысушылар екі елге бірыңғай зиярат ету турын ұйымдастыру, топтық автобус турларын дамыту, Түркістан мен Ферғана арасында тікелей рейстер ашуды жоспарлау, мәдени күндерді белгілеуді ұсынды. Жиын барысында Түркістан мен Ферғана облыстары арасындағы бауырластық қатынастарды дамыту туралы келісімге қол қойылды. Тараптар экономикалық ынтымақтастық, сауда, инвестициялар, ғылым, білім беру, технологиялық және инновациялық бағыттағы кәсіпорындар арасында тәжірибе алмасу мәселелеріне ерекше назар аударады.