400-ге жуық тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтымақ Түркістан облысына қарасты Сарыағаш қаласының халқы еңбекқор, қай істің де көзін таба білетін еңбексүйгіш. Өңірдегі өндіріс орындарының біразы осы ауданға тиесілі. Шекараға жақын орналасқан ауданда сауда -экономикалық байланыс та нығаып келеді. Жыл жылжыған сайын ауданда кәсіпкерлер саны артып келеді. Жуырда ғана ауданда заманауи үлгідегі автокөлік бөлшектерін саудалауға арналған «TOLEGEN ATA» автомаркеті ашылып, жұмысын бастағанына біраз уақыт өтті. Жыл сайын аудан кәсіпкерлері өз кәсібін ашып, көп жұмыс атқаруда. Алдағы уақытта аталған нысан 400-ге жуық тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып, жұмыссыздық мәселесін шешуге өз септігін тигізері сөзсіз. Аудан кәсіпкерінің бастаған кәсібі дамып, жаңа орталық халық игілігіне қызмет етеді деп сенеміз, — деп атап өтті Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев. Сауда орталығы ғимаратының жалпы алаңы 5200 шаршы метрді құрайды. Мұнда 156 сауда дүңгіршегі орналасқан, тұрғындарға ыңғайлы жағдайлар жасау мақсатында жеделсаты (лифт) және эскалатормен қамтамасыз етілген. Айта кетсек, аудан көлемінде кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға тұрақты негізде жұмыстар жүргізіліп, жаңа жұмыс орындарын ашуға, кәсіпкерлік субъектілерінің жұмыс істеуіне жағдай жасалуда. Бүгінгі таңда аудан бойынша 17410 кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Осы субъектілерде жұмыс істейтін адамдар саны 38500-ге жетіп, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 3,5 %-ға өскен. Өндірілген өнім көлемі және көрсетілген қызмет пен жұмыс көлемдері 75 млрд. теңге болып, өткен жылмен салыстырғанда 3,6 %-ға артқан.