Отандық аяқ киімге сұраныс артып келеді Сапалы аяқ киімді шетелден іздеп сабылмай ақ өзіміздің Арыс қаласынан табуға болады. Жергілікті кәсіпкер бүгінде импорт өнімнен бірде бір кем емес аяқ киімдер шығаруда. Бағасы да анау айтқандай қымбат емес. Әрі сұранысы да жоғары. Бүгінде Түркістан облысында былғарыдан тігілетін аяқ киім шығаратын «Арай» өндірістік кооперативінің тауарларына сұраныс артып келеді. Арыс қаласында орналасқан фабрика 1991 жылдан бастап жұмыс істейді. Мұнда ерлер мен әйелдерге арналған аяқ киім шығарылады, оны үш санатқа бөледі: күнделікті, әскери құрылымдар үшін және жұмыс қорғанысы. Өндірісте шынайы былғары және экологиялық таза материалдар қолданылады. – Терілерді Түркияның Стамбул қаласынан және Запороже, Ростовтан алып келемін. Кооперативте 12 адам бар. Содан тігіп, сатуға шығарамыз. Қазір, Арыста, Шымкентте, Таразда, Нұр-Сұлтанда сатылуда. Арыста өзіміздің Арай дүкенін ашып қойғанбыз. Сол жерден алған тұтынушыларымыздың тауарлары жыртылып қалатын болса, тегін тігіп береміз, — дейді «Арай» өндірістік кооперативінің басшысы Әміртай Бибасаров. Кәсіпорынның иесі Әміртай Бибасаров аяқ киім модельдерін өзі құрастырады. Бұған көп жылғы тәжірибесі де жеткілікті. Тауарлардың тұтыну бағасы да қымбат емес. Қалтаға қонымды болғандықтан алушылар да көп. Осылайша Арыс қаласындағы «Арай» өндірістік кооперативінде тігілетін аяқ киімдерге деген сұраныс күннен күнге артуда. Аталған фабрика «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауының өңірлік жеңімпазы, сондай-ақ «Халық тұтынатын үздік тауарлар» номинациясын жеңіп алған. Өндіріс орны 2018 жылы «Агробизнес-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 4,8 млн.теңге, ал 2019 жылы «Қамқор» бағдарламасының аясында жылдық мөшері 1 пайызбен 5 млн теңге несие алған және «Менің атамекенім» жобасы арқылы ғимаратты қалпына келтіру жұмыстарына қаржы берілген. Қазіргі уақытта «Арай» ӨК Арыс қаласы әкімдігі ұйымдастыратын түрлі іс-шараларға қатысып, спорттық турнирлер мен түрлі акцияларға демеушілік көрсетуде. Көгалдандыру, жарықтандыру және іргелес инфрақұрылымды дамыту – компанияның маңызды міндеттерінің бірі. Компания Қазақстан мен шетел нарықтарында экологиялық таза өнім өндіруші ретінде беделге ие болуға ниетті. Кооператив иесінің айтуынша, алдағы уақытта өнім түрі мен көлемін көбейтіп, оларды Қазақстанның өзге өңірлеріне жөнелту жоспарда бар.