Түркістан облысында жаңа кәсіпорын ашылды Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Төлеби және Қазығұрт аудандарына жұмыс сапарымен барып, тұрғындардың өтініштері мен сұрақтарына жауап берді. Сонымен бірге бірнеше азаматты жеке қабылдап, мәселелерін тыңдады. Төлеби ауданында мұнай өнімдерін өңдеу зауытының базасында үздіксіз полимерді модификациялау цехы ашылды. Киелітас ауылдық округі аумағында орналасқан зауыт жылына 200 мың тоннадан астам өнім өндіруге қауқарлы. Жоба құны – 550 млн. теңге. Цехта жол жөндеу жұмыстарына қолданылатын ерекше қоспа өндіріледі. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы жаңа өндіріс орнының ашылу рәсіміне қатысты. – Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында кәсіпкерлік саласын тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді тапсырды. Бүгінде облыста аталған мәселелер бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Президент 2025 жылға дейін жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма берді. Бізде әлі күнге дейін битум тапшылығы бар. Аудан аумағында жұмыс істеп тұрған зауыттың жұмысын жандандыру арқылы облысымызда осы мәселені шешеміз. Бүгін іске қосылған полимерді модификациялау цехының маңызы жоғары. Осындай ірі зауыттарымыз көбейе берсін! – деді Дархан Сатыбалды. Іссапар барысында облыс әкімі Бірінші Мамыр ауылдық округінде орналасқан балмұздақ зауытында болды. Мұнда 200-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал Қазығұрт ауданына жұмыс сапарына облыс әкімі шұжық шығару цехына барды. Ет өңдеу цехы тәулігіне 5 тонна шұжық өнімдерінің 60 түрін шығарады. Кәсіпорында жалпы 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өңір басшысы кәсіпорын жұмысын оң бағалап, кәсіпкерлікті қолдауға баса назар аудару керек екенін айтты. Қазығұрт ауданында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында биыл 7 елді мекенде 14 жоба іске асырылуда. Атап айтқанда, Шанақ, Жігерген елді мекендерінде жаңадан 200 орындық мәдениет үйлерін салуға, Қақпақ, Ынталы елді мекендерінде 2 дәрігерлік амбулатория салуға қаржы қаралды. Жігерген, Қаржан елді мекендерінде 21 шақырымды құрайтын 13 көшеге асфальт төселеді. Жаңабазар елді мекенінде жаңадан спорт алаңшасын салуға, Шанақ, Ақжар елді мекендерін табиғи газбен қамтуға тиісті қаражат бағытталып отыр.