Тоғыз жолдың торабы саналатын Арыс қаласы соңғы әлетте облыс экономикасына қосып отырған үлесі артып келеді. Жуырда Түркістан облысына қарасты Арыс қаласындағы вагон жөндеу депосы филиалының базасында вагон доңғалақтарын күрделі жөндеуден өткізетін шеберхана ашылды. Сала мамандарының айтуынша, бұл республика бойыша 13-ші, ал оңтүстік өңірде іске қосылған алғашқы жөндеу шеберханасы. Бүгінде 270 адамды жұмыспен қамтып отырған бұл кәсіпорында жаңа өндірістік цехтың ашылуы нәтижесінде, тағы 25 адам тұрақты жұмысқа орналасады деп жоспарланған. Жалпы, бұл шеберхана қызметі облыс аумағындағы теміржол саласында ғана емес, республика бойынша сұранысқа ие Қазіргі кезде Алматы мен Қызылорда облысының аралығын қамтитын теміржол шаруашылығында мұндай деңгейде қызмет көрсететін кәсіпорын жоқ. Бұл жерде доңғалақ жұптары ағымдағы, орташа және күрделі жөндеуден өткізіледі. Демек, ендігі жерде вагон паркі иелері доңғалақ жұптары мен вагондарды жөндеу үшін уақыт жоғалтпай әрі қосымша шығындалмай «бір терезе» қағидасымен қызметті тиімді пайдалана алады. Салтанатты шара аясында кәсіпорын лентасы қиылған соң, қонақтар назарына шеберхананың жұмыс істеу процесі көрсетіліп, вагон жөндеу депосының тыныс-тіршілігі көпшілікке таныстырылды. Өңірде ашылған әрбір өндіріс орны, шағын цех мұның барлығы да облыс экономикасына сүбелі үлес қосатын өндіріс ошақтары болып саналады.