Экзотикалық жеміс ағашын жерсіндірді Бүгінде Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданында түрлі экзотикалық жеміс ағаштарын отырғызып, өнім алып отырған кәсіпкерлердің қатары артып келеді. Жерсінбейді деген лимонның өзін жерсіндіріп, мол өнім алып отырғандар да осы ауданның тұрғындары. Еңбекқор, табанды, талапшыл аудан халқы «қалауын тапса қардың да жанатынын» осылайша дәлелдеп отыр. Сайрам ауданынан қарасты Қарасу ауылының тұрғыны Нұрлан Бекбердиев нағыз майталман маман. Ол өткен жылы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде, мемлекеттік грантқа ие болып, өз кәсібін ашқан азаматтардың бірі. Нұрлан Бекбердиев 4,5-соттық жерге, 55-түп лимон ағашын отырғызған. Кәсіпкердің пайымдауынша 2-3 жыл аралығында бір лимон ағашынан 30-ға жуық жеміс алатындығын, ал бір жыл ішінде жалпы өнім 1-тоннадан асатындығын жеткізді. Кезінде «біздің климатқа қолайсыз, жерсінбейді» деген мамандардың пікірін быт шытын шығарды осылайша. Тропикалық жемістің күтімін барынша зерттеп, зерделеді. Нұрлан Бекбердиев лимон ағаштарын алдағы уақытта тағы да көбейсем деген жоспары бар. Ал лимон ағшатарынан қалған бос жерлерге, қияр-қызанақ егіп қосымша өнім өндіруде. Бүгінде кәсіпкердің еңбегін өз көзімен көріп, сұхбаттасып қайтқан аудандық ерікті жастар, ақыл-кеңес сұрап, көңіл қуантып қайтты. Нұрлан мырза өз сөзінде: Мемлекет тарапынан жастарымызға көптеген қолдаулар көрсетіліп жатыр, тек алған көмекті дер кезінде дұрыс бағытта жұмсап, қорықпастан өз кәсіптеріңізді бастап, елдің дамуына деген өз үлесімізді қосуға тиіспіз деген болатын. Жастарымыз кәсіпкерге ризашылығын білдіріп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі. Майталман кәсіпкер алдағы уақытта басқа да экзотикалық ағаштарды жерсіндірсем деген жоспары барын жасырмады. Өзіміздің топырақта өскен өнімнің дәмі де өзгеше болар еді дейді кәсіпкер.