Барлық бағытта қолдау көрсетіп келеді Бүгінде Түркістан облысында жеке кәсіпкерлерге арналған несиелеу бағдарламалары арқылы, яғни жеңілдетілген несие беру арқылы өңірде кәсібін бастағандар қатары артуда. Соған орай жаңа жұмыс орындары да көптеп ашылуда. Кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар бойынша қолдау алған жобалар өңірдің барлық салаларындағы кәсіпкерлерді қамтиды. Олардың қатарында: кеңінен қолданылатын трансформатор жабдығын қазақстандық жетекші өндіруші ретінде танымал «Кентау трансформатор зауыты» АҚ, ПЭТ қалдықтарын қайта өңдеу және химиялық талшық өндіруші Green Technology Industries, күйдірілген кірпіш шығаратын Бөкей, Агро-5, Батсу-Водоканал зауыттары, алма өсіру, сақтау және өңдеумен айналысатын DALA-FRUIT.KZ, «Бөрте Милка» компаниясының сүт-тауар фермасы бар. Сонымен қатар, Сарыағаш ауданындағы санаторилық-курорттық орындар, мақта өңдеу зауыттары, ауыл шаруашылығы бағытындағы жобалар, туризм саласындағы бірқатар ірі жобалар осы бағдарлама аясында жұмыс істеп, игілігін көріп отырған орындар. Бүгінде аталған бағыттардың барлығында да өрлеу бар. Көрсеткіш жоғары. Кәсіптерін ілгерілетумен қатар өңірдегі жұмыссыздық мәселесін шешуге де көмегі көп тиюде. Облыс орталықтары мен аудан орталықтарында ашылған жауапты мекемелер барлық бағытта қолдау көрсетіп келеді. Түркістан облысының орталығында, аудан орталықтарында, қалаларда зауыт, фабрикалардың салынуы экономика саласына оң ықпалын тигізіп, бюджеттің бүйірі томпаюына көп септігін тигізеді. Одан бөлек,ауыл азаматтарын тұрақты жұмыспен қамтиды. Тиімділігі жоғары кез-келген жоба жіті зерделеуден өткізіледі. Нәтижесі жоғары болатыны көрініп тұрған жоба қалайда қаржыландырылады.