Кәсіпорын бетон өнімдерін өндіреді Өндіріс өркендеп, ауыл шаруашылығының көрігін қыздырып отырған Сайрам ауданында соңғы әлетте өндіріс ошақтары да көбейіп келеді. Қайнарбұлақ ауылдық округіне қарасты Қасымбек Датқа ауылындағы «Тан Нұр бетон» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бүгінде ірі келісімшарттар бойынша жұмыс жасайды. Кәсіпорын тауарлы бетон, бетон өнімдерін өндіреді. Жобаның қуаттылығы тәулігіне 1000 текше бетон, 20 мың дана шлакоблок, 1500 дана жиектас, 500 шаршы метр жолаяқ плитка өнімдерін шығарады. Жоғары сапалы өнімдеріне сұраныс өте көп. Маусым кезінде сұраныс та көбейіп кетеді. Өндіріс ошағы осыдан екі жыл бұрын өз жұмысын бастаған болатын. Әуел баста жұмысын жер қойнауын пайдаланушы кәсібімен айналысып келген. О баста қиыршық, құм-тас өңдейтін. Құрылыс жұмыстарына аса қажетті өнімге сұраныстың төмендемейтінін бағамдаған Сардор Азатов осы өндіріс ошағын құрды. Бүгінде толық қуатында жұмыс жасап жатқан кәсіпорында 100-ге жуық жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылған. Жұмыс ауқымды болғандықтан жұмысшылар күндіз түні бір тынбай тер төгуіне тура келеді. Жеке кәсіпкердің есебінен жобаны іске асыру үшін 500 миллион теңгеге жуық қаржысы жұмсалған. Бүгінде кәсіпорындардың барлығы да автоматтандырылған, заманауи құрал жабдықтармен жұмыс істейтіні белгілі. Кәсіпкер бұл талапты да назардан тыс қалдырмаған. Ағымдағы жылы Түркиядан 150 миллион теңгеге қосымша құрал-жабдықтар сатып алынған. Кәсіпорынның жер телімінің көлемі 6 гектарды құрайды. Еліміздегі ең жоғары сапалы, беріктілігі мықты құйматастар да шығарылады. Сапасы жоғары өнімнің жерде қалмайтыны тағы анық. Сондықтан да еліміздегі ең ірі инвестициялық-құрылыс холдингі «BI GROUP», ірі құрылыс ұйымы және салушысы «Bazis-А» және өзге де бірнеше компаниялармен келісімшартпен жұмыс жүргізуде. Келісімшарт жасайтын құрылыс компаниялары 80 миллион теңгеден бастап, 1 миллиард теңгеге дейін тапсырыс береді. Құрылыс алаңы қызып жатқан елімізде құрылыс материалдарына деген сұраныс азаймақ емес. Шетелдіктер емес, дәл осы салады отандық өндірушілердің асығы алшы. Алдағы уақытта өндіріс аумағын кеңейтіп жұмыс көлемін көбейту де жоспарында бар. Ол уақытта тағы да жұмыс орындары ашылады деген сөз.