Ағаштан ою ойып, темірден түйін түйіп жүрген қолөнер шеберлері өңірімізде аз емес.. Біз керексіз деп мән бермейтін нешетүрлі заттардан тың дүние жасап шығару тек таланттылардың ғана қолынан келсе керек. Жүнді, теріні өңдеп, малдың мүйізін, асығын, сүйегін сүріп, кәдеге асыру – зат қадірін, ал сол затты ығына, бейіміне қарай жонып, шауып іске асыру ептілікті қажет етсе керек. Темірді отқа балқытып, неше түрлі өрнектеп кәдеге асыру ісмердің ғана қолынан келсе керек. Жалпы қолөнер ісмерлікті, шеберлікті, шынайы талғамдылықты қажет ететіні анық. Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, Кеңестөбе ауылының тұрғыны Жұмаділов Азамат Райымкұлұлы он саусағынан өнері тамған азамат. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқып, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының екінші бағыты аясында грант ұтып алған. «Лазермен кесу» мақсатында мемлекеттік грантқа құжатын тапсырып, комиссияның оң қорытындысы негізінде 555 600 теңге алды. Қазіргі таңда лазермен суреттер салып, сувенирлер жасап сатуда. Оның ұсынақты қолынан шыққан дүниелерге сұраныс көп. Он саусағынан өнері тамған хас шеберлер ағаштан бұрын да болған. Бүгінде атакәсіпке адалдық танытып осы салада нан тауып жүргендер баршылық. Ағаш бетіне бедерлеп ою салу да оңай дүние емес. Бұл өнер де саусақтың ептілігі мен қиялдың ұшқырлығы арқасында іске асады. Қазір жаңа технология адам мүмкіндіктерін одан әрі жетілдіріп, бәрін компьютерлік графикада жүзеге асыратындай кереметтер пайда болды. Соның арқасында таңғалдыратын ғажайып туындыларды тудыруда. Әйтсе де бұл өнердің тілін білетіндер, атадан жалғасын келе жатқан кәсіпке икемділігі барлар ғана кәсіп ретінде шұғылдана алады. Жеке кәсіпкер Азамат Жұмаділов те қазіргі таңда лазерлік кесу технологиясы арқылы ағаштан түрлі бұйымдар жасап, тұтынушылардың көңілінен шығып жүрген кәсіпкер, әрі қолөнер шебері. Қолы ұсынақты ұста бұл өнерін хоббиім деп санайды. 2000-ыншы жылдардан бері, яғни студент кезінен компьютерлік графикада дизайнер болып жұмыс істеп, осы саланың қыр сырына қаныққан. Осы іске аа қызығушылығы ақыры осы саладан нан тауып жеуіне нәсіп еткен. Азамат әдепкіде кәсібін кеңейту үшін Бәйдібек аудандық жұмыспен қамту орталығына мемлекеттік қайтарымсыз грантқа ұсыныс берді. Ондағы мақсаты аса қажетті құрал жабдықтар сатып алып, қызмет ауқымын кеңейту болатын. Көздеген мақсаты орындалды. Қайтарымсыз грантты жеңіп алған соң Азамат Қытайдан шығатын кең форматты принтерді Алматыдан алдыртты. Бұл жабдықтармен енді ол баннерлер, лозунгтар, стендтер шығара бастады. Бұл кәсібіне де алғашында тапсырыстар тұс-тұстан қаулап кетті. Түрлі мерекелік шаралар өткізетіндер тапсырысты қарша боратты. Бұл күндері Азамат Бәйдібек ауданында ағаш бетіне сурет салумен, мектеп қабырғаларына, түрлі ұжымға стенд жасап берумен айналысады. Одан шығармашылығын дамыта келе, тапсырыс берушілердің сұранысына орай ағаштан қойын дәптер, жұмыс үстеліне қажет органайзер, түрлі кәдесыйлар жасауға көшті. Ағаш, мата түрлері, пластмасса материалдарының бетіне түсетін жазу-сызуды, ою-өрнекті лазер арқылы сызып кеседі. Бұл да аса ыждағаттылықты талап етеді. Әрі жасаған дүниесінің спасына аса қатты мән береді. Сапа кәсіпкер үшін бірінші орында тұруы тиіс деп санайды. Ерекше сыйлық іздегендер Азаматқа арнайы келеді. Кісі есімі жазылған қорапша жасататындар көп. Бүгінде жұмыс кабинетіндегі үстелге қоюға органейзерлердің басым бөлігі шетелден әкелінеді. Бағасы деген айға ақырып тұр. Тым қымбат. Ал Азаматтың «Мәңгілік күнтізбе» атты органайзерін аттай қалап алдыратындар баршылық. Көбісі сыйлыққа беруге сатып алады. Арнайы адам аты кестеленіп жазылады. Сонымен қатар қалам салғышы, ағаш күнтізбе және қойын дәптер қоса жасалады. Бүгінде ғаламтордан ерекше тың идеялар тауып алуға болады. Бұл жұмыстардың бәрін Азамат іздену арқылы тапқан. Бастапқыда ауданның жергілікті халқы аталған бұйымдарды қызығушылықпен сұрап келіп, сатып алатын. Қазір тапсырыс еліміздің түкпір-түкпірінен түседі. Оларға тапсырысты жеткізіп беру де жолға қойылған. Ісмер жігіттің жары да өзіне лайық. Жұбайы Еңлік те қолынан іс келетін ісмер. Ол көрпеге құрақ құрап, қыз жасауын әзірлеумен айналысады. Екеуі де кәсіпкерліктің көрігін қыздырып отыр осылайша. Әу баста жұбайының әлеуметтік желідегі парақшасына ағаштан жасалған бұйымдарды, құрақ көрпешелерді салып жүрген екен. Көздің жауын алатын әсем дүниелерді көріп, қызыққандар тапсырысты үйіп тастаған. Заман ағымына сай көптеген жаңа дүниелер шығуда. Оның бәрін ғалымдар ойлап тауып жатқан жоқ. Қолынан іс келетін Азамат секілді кәсіпкерлер шығаруда. Бұрынғы кәсібіне қосымша футболка мен кепкаларға, бокал сыртына фотосуреттер жапсыруды қолға алды. Әсіресе, жастар соңғы үлгідегі футболкаларға, жаздық кепкаларға өздері қалаған фотолар мен логотиптерді жапсыруды әдетке айналдырған. Тіпті, бұл дәл қазір трендте. Жастардың сұранысын қанағаттандырып, нарыққа бейімделе білген адамның ұтары көп. Қимылдаған ғана қыр асады. Түк қарап отырғаннан ештеңе өнбейді. Мұндайды жаны қаламайтын Азамат тек бір ғана кәсіппен бір орында тұрып қалуды да қош көрмейді. Сондықтан да бүгінде лазерлік кесу технологиясы арқылы ағашқа шежіре жазу тәсілін меңгерді. Бұл жерде әр отбасының руы, ата-бабалар тізімі жарияланады. Бұл ұрпақтан ұрпаққа естелік, әрбір шаңырақтың төрінде ілулі тұруы тиіс мұрағат десек болады. Әрі бүгінде сәнге айналды десек те болады. Отбасылық құнды тарихи жәдігер ретінде тапсырыс беретіндер көп. Төрге іліп қойып немере, шөберелеріне шежіре шертетін ата-әжелерге таптырмайтын-ақ дүние. Әрі үйге келген әр қонақ қызыға қарайтыны да тағы анық. Азамат қолынан шыққан қайталанбас қолтаңбасы бар заттарына күннен күнге тапсырыс арта түсуде. Шебер тұтынушыларының көңілінен шығу үшін шабыттана жұмыс істеді. Аудандағы ерекше кәсіппен айналысатын қолөнер шеберін түрлі көрмелерге, байқауларға шақырып тұрады. Қанжығасы майланбай, құр қол қайтқан кезі жоқ. Шебер қолынан шыққан туындылары үздік деп танылып, алғыс хаттарға ие болған. Ең бастысы халықтың шынайы алғысына ие болған деп санайды шебер. Алдағы уақытта заманауи тың дүниелер ойлап тауып, кәсібінің аясын кеңейте бермекті де ойлап жүр.