Сапалы өнім шығарып, экспортты арттыруымыз қажет Түркістан облысына қарасты Сарыағаш ауданының әкімі Мұхит Отаршиев Жібек жолы ауылдық округінде орналасқан «Сыр-Сарыағаш» ЖШС-і цехына арнайы барып, жақында ғана сүт өнімдерін шығара бастаған цехтың жұмысымен танысты. Жаңа кәсіптің түрін қолға алған жеке кәсіпкер Б.Буранбаев ірімшік (сыр) дайындау кезеңдерін айтып беріп, цехтағы құрал-жабдықтарды көрсетті. – Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ауыл шаруашылығы саласына, оның ішінде, еңбек өнімділігін арттыруға және тауар экспорттауға үлкен мән беру керек деген болатын. Біз осы тапсырмалар аясында жұмыс істеуіміз керек. Өндіріс көлемін ұлғайтып, сапалы өнім шығарып, экспортты арттыруымыз қажет, – деді аудан басшысы. Аталған цех тәулігіне 20 тоннаға дейін сүт өңдеуге қауқарлы. Бүгінгі таңда ірімшік (сыр), чечил және моцарелла сияқты түрлі өнім шығаруда. Кәсіпкердің айтуынша, алдағы уақытта өндірілген өнім көлемін және оның түрлерін арттыруды жоспарлауда. «Сыр-Сарыағаш» ЖШС-гі бүгінгі таңда он жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.