Сұранысқа ие кәсіп Бүгінде балалар массажына деген сұраныс өте көп. Өйткені жас нәрестелер арасында дисплазия, рахит, гипоксия сынды аурулар көбейіп кеткен. Сондықтан да балалар массажын жасайтын мамандарға шектен тыс сұраныс басым. Массаждың көп аурузға көмек бере алатыны белгілі. Дәстүрлі медицинаның шамасы келмеген кей кеселдерді массаж арқылы емдеп алуға болады. Сондықтан да бүгінде балалар массажына да, ересектер массажына да сұраныс көбейіп кеткен. Сұраныс бар жерде бәселекелестік те көбейетіні рас. Бір екі апталық курстарды оқып, массажшы атанғандар да бар. Алайда көзі ашық жандар медициналық білімі бар, білікті мамандардың көмегіне ғана жүгінеді. Кез-келген массажшыға бара бергеннен пайда жоқ, әрине. Бүгінгі кейіпкеріміз нағыз майталман маман. Медициналық білім алып, оны ары қарай дамытып, заман ағымына қарай қажетті ем-дом түрлері бойынша білімін ұдайы жетілдіріп отыратын кәсіби маман. Мемлекеттік қолдаудың арқасында, арнайы грантты ұтып алып, бүгінде өз кәсібін Динара Мурзабаеваның шипалы емінен аяғынан тік тұрып кеткен науқастар көп. Динара Түркістан облысына қарасты Кентау қаласының тумасы. Жастайынан ақ халатты абзал жан атануды армандаған кейіпкеріміз Кентау қалалық медициналық колледжінде үш жыл бойы білім алады. Біліммен ғана шектеліп қалуды шеккі көрген кәсіби маман оқу ордасына келген мамандардан 38 000 теңгеге массаж курсын сатып алып, бөлек ілімді тереңірек қаузап, бұл істің қыр-сырымен танысып, шебер атанып шығады. Әуел баста яғни, оқу бітірген соң Жастар практикасы бойынша мамандығымен мейірбике болып жұмысқа орналасып, қосымша табыс көзімен айналысуды бастапты. Көпбалалы ана жолдасының табысына қосымша кәсіп істеп, табыс тапсам деген ойда жүргенін жасырмайды. Отбасының тіршілігі де оңай емес. Балалардың күтімі, үй тазалығы, қонақ күту әйел адамның қолын босатпайтын, бітпейтін шаруа ғой. Ақыры өз кәсібін бастауды жөн санаған Динара алдымен көп жылғы тәжірибесі бар білікті массаж мамандарынан дәріс алып, білімін жетілдірді. Нағыз кәсіби маманға сұраныс қашанда болатынын білгендіктен осылайша үйренуден ешқашан да жалыққан кезі жоқ. Жаны қалайтын сүйікті ісін тапқанына ерекше қуанды. Тапсырыс берген пациенттердің үйіне барып, массаж жасап жүрген. Оның шипалы қолынан емдік массаж алғандар қайта айналып хабарласып отыратын. Осылайша біраз клиент жинап алды. Қаланың о шеті мен бұ шетіне қатынай беру де оңай емес. Жұмысынан да шаршайтын кезі болады. Кішігірім болса да өзінің орталығын ашуды не болмаса бөлме жалға алуды ойға алып жүрген. Дәл сол уақытта әлеуметтік желіден «Бизнес бастау» бағдарламасы туралы көзі шалып қалып, қуанып кеткені рас. Көп ойланбастан жедел құжаттарын жинауға кірісті. Басты мақсаты да сол – өзі арман етіп жүрген кәсібін бастау болатын. Сонымен аудандық жұмыспен қамту орталығына барған Динара алдымен оқу курсынан өтті. Бизнесті қалай бастау керек, бухгалтерлік есепті қалай жүргізу керек, салық төлемдері туралы білімін жетілдірді. Кәсіпкерліктің қыр сырына қанықты. Көзге еленбейтін майда шүйде деп есептейтін қызықты ақпараттарға да қанықты. Бизнес жоспар жасады. Табыс түсіруден бөлек, арасында кездесетін ноу-хаулардан қалай шығу, жалпы кәсібінің барлық құрамын жіктеп, жіліктеді. Бұл байқауда екі жүзлден аса адам бақ сынады. Дәл осы байқауда Динараның жұлдызы жанды. Байқаудың нәтижесін 3-4 ай күткен кейіпкерімізге қуанышты жаңалық келіп, «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде грант ұтып алғанын айтады. Мамандығын жанындай жақсы көретін Динараға жолдасы жігер беріп, кәсібін бастауға тікелей ықпал еткен көрінеді. Массаж аппараттарын алуға мемлекеттен берілген 583400 теңгеден бөлек, қосымша ақша қосып, бір бөлмелі пәтерді жалға алып, кішігірім орталық ашады. Бүгінде өз кәсібін дөңгелетіп отырған ана мемлекеттің берген мүмкіндіктеріне дән риза. Балалар арасында көп кездесетін дисплазияға массаж жасатып ауруынан айыққан қаншама ана баласы үшін Динараға алғыстарын жаудырып жүр. Тіпті өзге массажшыдан қайран болмай, Динараға келіп жүгінетіндер де жоқ емес. «Балаға қалай, қай нүктесіне қалай жасау қажеттігін білген жөн. Әйтпесе емнен пайда жоқ. Сондықтан да жаңадан шыққан емдік курстардың барлығын да оқып аламын» дейді Динараның өзі. Балаларға массажды 20 минут бойы жасайды. Бір реттік ем құны 1500 теңгені құрайды. Ал ересектерге — 3500 теңге. Аса қымбат та емес. Кентаулықтар үшін қалтаға қонымды баға. «Қан айналымының төмендеуі иммунитетті нашарлатып, ағзада түрлі дерттерді тудырады. Қан қысымының көтерілуі, бас ауруы, жүрек-қан тамыр аурулары, остехондроз, артроз сынды кеселдер көпті мазалайтыны анық. Бұл мәселемен уқалау әдісімен ғана күресуге болады. Оның емдік қасиеті Грек және Рим ғасырларынан белгілі. Күн санап дамып жатқан саланы қолданбайтын адам жоқ. Тіпті, кейбіреулер шарықтап тұрған бағасына қарамастан массажға жазылып жатады. Әрине, бұл уқалаудың қаншалықты пайдалы екенін көрсетеді. Ал, ауырмаймын десеңіз демалдыратын массаждан гөрі батыстың классикалық және Қытайдың нүктелі массажын қосып алуға кеңес етемін. Осы екі массаждың емдік қасиеті бар. Маман ретінде массаждың емдік қасиетін алуды ұсынамын. Оны бас, мойынға, арқа мен белге, қол-аяққа, алақан-табанға, бетке де жасауға болады. Бірақ, кей кездері массажды мүлдем қолдануға болмайды. Себебі, денсаулығыңызды одан әрі асқындырып алу қаупі бар. Өткір безгек ауруы, психикалық, қан ауру, туберкулез, іріңді аурулар, өкпе, жүрек аурулары байқалса, уқалауға кеңес бермеймін. Қазіргі таңда емдік, классикалық, нүктелік, периосталдық массаждар өте танымал. Мәселен, адам денесінде 365 нүкте және маңызды 12 сызық бар. Бір ғана нүктелі массаждың өзі қан қысымын реттеп, инсулиннің деңгейін қалыпқа келтіріп, ас қорытуды жақсартып, иммунды жүйені реттейді», — деді кейіпкеріміз Динара уқалаудың қыр-сырымен тереңінен бөлісіп. Әрбір адам артық шығын жұмсамай-ақ, нүктелі массажды өзіне жасай алатын көрінеді. Массаж жасамас бұрын еркін отырып алып, саусақты сағат тілі бойынша тоғыз рет айналдырған жөн. Емді күн сайын таңғы уақытта жасау жақсы нәтижеге әкеледі. Ал түскі уақытта жасалған массаж есте сақтау қабілетін арттырып, ас қорыту жүйесін қалпына келтіреді. Кейіпкердің айтуынша, әр істің өзіндік қиындықтары бар.Массаж жасау үшін үлкен ыждақаттылық пен таусылмас энергия керек. Бұл сала күн санап дамып жатқандықтан, гигиеналық, косметологиялық, нүктелі, емдік, мануалды массаж түрлерін жан-жақты меңгерген жөн. Динара массаждың 3 түрімен тұрақты айналысады. Дәл осы массаж түріне бола арнайы іздеп келетіндер көп. Табысы да біршама артып келеді. Орталығына күніне кем дегенде 5-6 клиент жүгінетін көрінеді. Еміне шипа қонып, алғысын жаудырып кететіндері қаншама. Еңбексүйгіш кейіпкеріміз сүйікті ісінің арқасында 70 жастағы әжейді аяғынан нық тұруға көмектесіпті. Бастапқыда жағдайы өте ауыр болып келген кісіге бірнеше ай бойы массаж жасап, үйіне қайта барғанда шипа қонғанын көрген Динара қуаныштан көзіне жас та алыпты. Бұл оқиға жұмысына деген ерекше ықыласы мен ынтызарын оятады. Көп ұзамай-ақ, таныстарынан естіген клиенттер ағылып, Динараға келеді. Массажбен қатар қосымша жаттығулар беріп, өзіндік құпия әдісін пайдаланатын кейіпкерімізге бұл жұмысы жан рахатын сыйлайды екен. Кәсіпкерлік саласында айы оңынан туып, ісі ілгерілеген Динараның жан жолдасы мен отбасы да демеу беріп келеді. Өзі Созақ ауданында тұрса да, күнделікті жұмыс бабымен Кентау қаласына келеді. Екі аралықтағы жол жүру де оңай емес. Дегенмен енесі де үй шаруасында көмек қолын созып, балаларының бар күтімін жасап отыр. Заман ағымына қарай бүгінде массажшыларға сұраныс артқаны белгілі. Массажшының да массажшысы бар. Бір ғана Кентау қаласында массаж жасайтын мамандардың саны өте көп. Дегенмен білікті маман бәсекелестерінен басып озған. Бүгінде тұрғындар Динараның массаж орталығының көмегіне ғана қайта жүгінеді. Әу баста бизнесін бастағанда әрине қалай болар екен деген күдік болғаны рас. Массажшылар көп, кәсібім қалай жүрер екен деп уайымдағаны да рас. Дегенмен ынталы жанның несібесі өзінің еңбекқорлығының арқасында артып отыр. Бүгінде өзінің тұрақты клиенттерінің қатары артқан. Тіпті апта бұрын, ай бұрын жазылып қоятын болған. Жүкті әйелдер, жас аналар, кішкентай сәбилер, қыз-келіншектер түрлі себеппен келеді. Ал босанған әйелдер жатырдың төмен түсуі, аяқ қақсау, қарынға май жиналуы сынды түрлі мәселелерге тап болады. Острехондроз, бел мен буын ауруы, омыртқаның қисаюы сияқты кеселдеріне ем іздеп келетіндер де бар. Массаж аурудың түрлеріне қара бірнеше кезеңге бөлінеді. Мәселен, омыртқасынан қатты зақым алған науқастарды қайта қалпына келтіру үшін 3 немесе 4 ай бойы ем шараларын қабылдаған жөн. Клиент 1 курсты 10 күн қабылдап, бір ай демалады. Динара тек орталықта ғана емес, тапсырыс берушілердің үйіне барып, өз жұмысымен айналысады. Бір қызығы, кейіпкеріміз бұл үшін артық ақы немесе жол қаражатын сұраған емес. Өздігінше қозғалып, еңбектей алмайтын балаларды жазу үшін төрт ай курс жасап, емін тауып, қала тұрғындарының алғысын алып жүр. Табыс табамын, кәсібімді бастаймын деген адамға бүгінде еш кедергі жоқ. Мемлекеттік қолдаулар жетіп артылады. Жұмыссыз жүрген жстар осы мүмкіндікті пайдаланса дейді Динара. Үйде күйеуінің табысына қарап отырған кезінде де әйтеуір жоқтан бар құрап, түрлі тәттілер, тіл үйірер тағамдар даярлап, ұн тағамдарын, торт жасап сататын. Еңбекқорлығының арқасында бүгінгідей жетістікке жетіп отыр. Мұнымен ғана тоқтап қалмаймын. Әлі де оқимын. Адамдарға емдік массаж жасап, ауруынан айығуына септігімді тигізсем дейді жас кәсіпкер. Сол оймен бүгінде мықты мамандардан массаждың түрлері мен хиджама жасауды үйренуде. Соңғы әлетте хиджамаға да сұраныс артып отырғаны белгілі. Көпбалалы ана алдына айқын мақсаттар қойып, жарқын болашағын іргетасын әлден ақ қалап жатыр.