Кәсіпті бастауға мемлекеттің ықпалы көп болды Бүгінде автоқызмет орталықтарының қызметіне жүгінбейтіндердің қатары кемде – кем. Өйткені темір тұлпар тізгіндемеген адам жоқ, сірә. Техника болғаннан кейін сынатыны бар, сыр беретіні бар. Ақауларын жөндетпей және болмайды. Автокөлікке қызмет көрсетуде және жөндеуде мамандар маңызды рөл атқарады. Әрине бұл салада ептілік пен білі м де қажет. Бұл әрине мамандарға автокөліктерге қызмет көрсету бойынша қажетті жұмыстарды сапалы түрде орындауға мүмкіндік береді. Сапалы сервистік қызмет көрсетудің және автокөлікті техникалық жарамды күйде сақтаудың толық технологиясына ие болу үшін нағыз кәсіби маман болу қажет. Сонда ғана клиент тұрақтайды. Табыс та тұтынушының көптігінен көбейеді. Бүгінгі жүргізушілер аса талғампаз. Бір рет көңіліне қонымсыз болды ма , қайта айналып соқпайды. Сондықтан да сапалы жөндеу бірінші орында тұруы тиіс. Бүгінде клиенттердің көңілінен шығып жүрген сапалы жөндеу мекемелердің бірі — «Досым» автосервис орталығы. Өзінің брендін қалыптастырып үлгерген Досым Оспан — Арыс қаласының тумасы. Дәл осы саланы жан қалауымен таңдаған ол механикалық білім алды. Жас болса да, осы саланы терең меңгерген кәсіби маман талай белестерді бағындырып, бірқатар жетістікке жетті. Биылғы жылдың басында мемлекеттен берілген мүмкіндікті пайдаланып, «Бастау бизнес» бағдарламасы аясында грант ұтып алып, өз кәсібін ашты. Бизнес саласында тәжірибесі бар Досым әке жолын жалғап келеді. Ата жолын қуғаны да дұрыс болған. Әу баста отбасылық кәсіптерін дөңгелетіп, біртіндеп жақсы нәтиже бере бастағанын көрген соң Нұр-Сұлтан қаласына барып, тәжірибесін шыңдайды. Алайда, бас қалада қанша тырысып жұмыс істегенімен, қаржылық қиындықтарға тап болады. Өз ісін ерекше сүйетін кейіпкерімізге біреудің қол астында қызмет ету таңсық көрініп, көп ұзамай Арыс қаласына қайтып келіп, «Бизнес бастау» бағдарламасы жайлы естіп, өз өтінішін береді. Біраз уақыт бойы құжаттарын даярлап, бір айлық курстан өтіп, бизнес жоспарын құрады. Алайда, 2021 жылы мемлекеттік гранттардың 40 пайызы жағдайы төмен жанұяларға берілгендіктен, Досым конкурстан ұтылып қалады. Әрине қайта тұрып, биіктерге ұмтылу бизнесмендерге тән қасиет. Бұл қасиеттің бәрі де кейіпкеріміздің бойынан табылады. Жетістік дәл сенің сәтсіздікке ұшыраған сәтіңнен басталады дейді ғой. Қайтпас қайсар мінезді Досым сәтсіздікке ұшырағанына қарамастан, тағы да бағын сынап көреді. Жиырма бес қатысушының ішінен демеушілерге оның жеке жоспары мен бизнес идеясы ұнағандықтан, 1 223 000 теңге көлемінде грант ұтып алады. Көп қаржы болмаса да орталығына қажетті түрлі аппараттар мен құрал-жабдықтар алады. Кәсіпкер кәсібін бастауға мемлекеттің ықпалы көп болғанын айтады. Бір жағынан әкесі де демеу болып, ғимарат сатып әперіпті. Қазіргі таңда кәсіптері қарқынды түрде жүріп тұр. Әзірге қол астында көлік жөндеумен айналысатын екі жұмысшысы бар. Алдағы уақытта орталықты кеңейту ойында бар. «Әрине кез-келген кәсіпті көзді жұмып бастап кетуге болмайды. Ең алдымен білім мен тәжірибе маңызды. Кәсіп ашу үшін сол салада кем дегенде 1 жылдық тәжірибе болу керек. Себебі, ол істің қыр сырын жете білмегендіктен, басы-қасында жүрмеген соң біраз сәтсіздікке ұшырап қалу қаупі бар. Жасаған жұмысың өте сапалы болуы керек. «Дұрыс жасамапсың» деп жүргізушілердің қайта айналып келіп тұрғаны да жақсы емес. Оның үстіне алдыңа келген адамдармен жақсы қарым-қатынас орната алған кәсіпкер ғана біршама жетістікке жетеді. Қолы епсекті, қолынан іс келетін адам ештеңеден қорықпай тәуекел етуі тиіс. Тәуекел еткендер ғана жетістікке жетеді. Ал ештеңе істемегендер ғана қателеспейді. Құлайсың, жығыласың, сонда да алған бетіңнен қайтпай алға ұмтыла беру қажет. Тәжірибе, шыдамдылық, мамандығыңа құштарлық жүрген жерде ғана табысты бола аласың», — дейді кейіпкеріміз. Бүгінде көлік жөндеу кәсібі ең табысы жоғары сала болып есептеледі. Әрі өшпейтін сала. Бүгінде автокөліктің қосалқы бөлшектері де қымбат, оны жөндеу де қымбат. Қазірдің өзінде орталықтың көмегіне кем дегенде 2-3 адам жүгінеді. Клиенттің сұранысы мен көліктің жағдайына қарай баға да шарықтай береді. Жылдық есеппен шаққанда, 1000000 теңге келеді деп есептесек, шығынын қоспағанда 500000-600000 теңге қолыңызға тиеді. Аз табыс емес. Еңбегіне қарай жемісін жейді әр адам. Кәсібін жолға қою үшін күні түні еңбектенген Досымның бүгінде айы оңынан туа бастады. Тұрақты клиенттері көп. Сапалы әрі бағасы да анау айтқан қымбат болмаған соң бәсекелестерінен де бәсі жоғары. Кәсібін енді бастағанда бұл салада нан жоқ деп алған бетінен қайтармақ болғандар да көп болған. Дегенмен жаны қалайтын кәсіпті бәрібір жүргіземін деген Досым бүгінде көздеген мақсатына жетті. «Жаратушы жемісін еңбегіңе қарай береді. Тынбай еңбектенсең соған қарай табысың да мол. Қолы қимылдағанның аузы да қимылдайды» деген осы. Бұл салаға келмей тұрып, көшеде түрлі иіссулар саттым. Сондықтан кез-келген салын игеріп кетемін деп ойлаймын», — дейді Досым. 75 000 тұрғыны бар Арыс қаласында автоқызмет көрсету орталықтары жетерлік. Керемет нәтиже мен жақсы қарым-қатынасты көрген клиенттер қайтадан осы орталыққа жүгінеді. Мемлекеттің қолдауының арқасында осындай жетістікке жеткен Досым өзге жастардың да осы қолдауда бағын сынап көруге шақырады. Биыл грант көлемі екі есеге өсті. Бұл дегеніңіз үлкен мүмкіндік. Адамның жасағанын екенші адам да жасай алады. Тек ниет болса болғаны. Сосынғысын тәуекел етуден қашпау керек. Біздің кейіпкеріміз сияқты.