Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етті Мемлекет аумағында жүргізіліп жатқан реформалар туралы халықты хабардар етіп, жергілікті атқарушы органдардың ашықтығын, жауапкершілігін, есептілігін арттыру мақсатында жыл көлемінде ауданның 1 қала мен 12 елді мекендерінде кездесу өткізудемін, дейді Түркістан облысына қарасты Төлеби ауданының әкімі Төлген Телғараев. Кездесулерде халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етіп, проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндіріп келемін. Аудан халқымен өткен кездесулерде, жеке қабылдауларда Ленгір қаласы І мөлтек аудан тұрғындары балалар және спорт алаңшасының құрылысын жүргізуді сұранған болатын. Аталған мәселені шешу бағытында жұмыстар атқарылып, нәтижесінде І мөлтек аудан аумағына 9 заманауи спорт алаңшасы қойылды. Көпқабатты үйлердің аулаларына балаларға қажетті ойын, спорттық алаңшалар және салауатты өмір салтын ұстануға қажетті қондырғылар орнатылды. Бүгінде ауданның экономикалық өрлеуіне өлшеусіз үлес қосып отырған кәсіпкерлер демеушілік жасаудан шет қалған емес. Төлеби ауданының 90 жылдығына орай және балалар жылына байланысты І мөлтек ауданның кішкентай тұрғындарына арналған қондырғылардың сапасына баса назар аударылды. Барлық ойын алаңшасына арналған қондырғылар сертификатталған, бала денсаулығына зиян келтірмейді. Ең бірінші қойылатын талап балалардың қауіпсіздігі деп, ойын алаңшасының төсенішіне дейін стандартқа сай болу қажеттігін ескердік. 30 баланың еркін ойнауына арналған қондырғылар жоғарғы сортты пластмассадан жасалған, белгіленген нормаға дейін ғана салмақты көтере алады. Сондықтан, балалар ойын алаңшасының ұзақ қызмет етуі үшін үлкендер оны өз қарауына алып, сындыруына жол бермесе деген тілек бар. Бұған қоса, көп қабатты тұрғын үйлердің ауласында абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, тұрғындар үшін автотұрақтар, ішкі көшелерге асфальт, бейнебақылау камералары, түнгі жарық шамдары мен суағар орнатылуда.