11 мектептің құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарлануда Түркістан облысының экономикасы қарыштап дамып келеді. Қазына қазаны толыққан соң халықтың әл ауқаты да жақсарары сөзсіз. Биыл Түркістан облысына қарасты Сарыағаш ауданындағы жеті елдімекенге табиғи газ берілді. Бұл туралы Сарыағаш ауданының әкімі Мұхит Отаршиев биылғы жылдың қорытындысы бойынша өткен брифингте айтты. Мұхит Баймұханбетұлының мәлімдеуінше, ауданда электр қуатымен қамту көрсеткіші 98,6%-ға жетіп отыр. Бүгінде Көктерек кенті, Дарбаза, Ердәуіт, 51-разъезд, Жылысу, Дархан және Келес елдімекендерін тұрақты электр қуатымен қамтамасыз ету үшін құрылыс жұмыстарына қаржы қаралып, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, биыл 7 елдімекенге, яғни Жаңаталап, Алғабас, Ақ үй, Дастан, Құркелес, Дарбаза, Шымырбай елдімекендеріне табиғи газ беріліп, жалпы қамту көрсеткіші 76,5%-ға жетті. Ал ауызсумен қамту көрсеткіші 64,1%-ға жеткен. – Аудан тұрғындарына жайлы орта қалыптастыру мақсатында жұмыстар жоспарға сай іске асуда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, ауданда перинаталдық орталықтың құрылысы басталады. Қазіргі таңда 8 гектар жер белгіленді. Мұнда аудан тұрғындарына ғана емес, Келес, Жетісай, Мақтаарал және Шардара ауданында тұратын азаматтарға да қызмет көрсетіледі, — деді Мұхит Баймұханбетұлы. Спикердің сөзінше, 3 елдімекенде, яғни Жаңа тұрмыс, Жонарық, Қарақалпақ елдімекендерінде емдеу нысанын салуға ЖСҚ әзірленіп, құрылыс жұмыстары басталған. Қазіргі таңда Құлтума елдімекенінен медициналық пункті желтоқсан айында тапсыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ аудандағы жалпы 96 көшенің 112 шақырымына орташа (74 көше 69 шқ) және ағымдағы жөндеу (22 көше 43 шқ) жұмыстары жүргізілуде. Айта кетейік, биыл желтоқсан айында ауданда 3 мектеп пайдалануға берілмек. Жалпы, «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасы аясында 2023-2025 жылдар аралығында ауданда 11 мектептің құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.