«Тұран су» ШЖҚ МКК мекемесі мен Ордабасы ауданының әкімдігі бірлесе отырып жауапты науқан алдында Қараспан, Бөген, Жеңіс, Қарақұм, Төрткүл ауыл округтерінде шаруалармен келелі кездесу өткізді. Мақсат — көктемгі дала жұмыстары кезеңіне дайындық шараларын пысықтап, шаруаларға су жеткізу тиімділігін арттыру. Жиын барысында ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелермен бірге, көктемгі ылғал суларын тиімді пайдалану тетіктері ұсынылды. «Тұран су» ШЖҚ МКК мекемесі басшысының орынбасары Қ.Үсенбаев, көктемгі ылғал суларын тиімді пайдалану негізінде, арналардағы және су қоймаға келген суларды транзитті негізде пайдаланып, шаруаларға су беруге дайын екендігін хабарлады. Өйткені, қазіргі уақытта табиғаттан келген тасқын суларды қашыртқыға тастамай, егістік алқаптардың ылғал сақтау суларына, ескі жоңышқалар мен бауларды суғарып алу тиімділігі, әрі қойманы қайта суға толтыратындықтан маусымдық су жетіспеушілікке жеңілдік болатындығын шаруаларға кеңінен түсіндіріп өтті. Ал, өз кезегінде Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары Азат Оралбаев, көктемгі ылғал суларын барынша тиімді пайдаланудың маңыздылығын айта келе ауыл округ әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен бірге ішкі арықтардың егістіктерге зиян келтірмейтін жағдайын қарастыра отырып, шаруаларға суға нақты қажеттілікті анықтап, «Тұран су» ШЖҚ МКК мекемесіне арналарды көрсете отырып суға сұраныс беруді тапсырды.