Бозарық шағынауданында құрылыс қарқынды жүргізілуде. Қазір мұнда мемлекет бюджеті есебінен 49, жеке инвесторлар тарапынан 58 көпқабатты тұрғын үй салынуда. Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов елдімекеннің даму жоспарына сәйкес атқарылып жатқан жұмыстарды тексерді. Биыл шағынауданында 9 инженерлік инфрақұрылым нысанының құрылысы жоспарланған. Жыл соңына дейін олардың 5-еуінің құрылысы аяқталады. Былтырғы жылы осы аумаққа газ, су, электр, кәріз жүйелері жүргізілген, қазір мұнда ішкі орам жолдары салынуда. Жоспарға сәйкес алдағы уақытта шағынауданда мектеп, емхана, спорт кешені бой көтереді. Құрылыс қарқынымен танысқан қала әкімі жауаптыларға ең алдымен, жұмыстарды өндірістік кестеге сай жылдамдатуды ескертті. Сондай-ақ жеке инвесторлар тарапынан салынып жатқан көпқабатты үйлердің эскизін бекітіп, барлық нысандардың сапасын, сәулеттік ерекшеліктерін қадағалауды тапсырды.