Түркістан облысына қарасты Арыс ауданы шаруашылығы да, өндірісі де өрлеген өңірлердің бірі. Темір жол кесіп өтетін орталықта кәсіпкерлік саласы мықтап дамыған. Ал ауданда ауыл шаруашылығы өркендеп келеді. Жыл сайын ауыл шаруашылығы саласында жақсы көрсеткіштер бар. Былтыр 23,5 млрд. теңгеге ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, 2021 жылмен салыстырғанда 3,6 млрд. теңгеге артты. Осы жылдың көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін мемлекет тарапынан арыстықтарға төмендетілген бағамен 1,5 мың тонна дизель отыны бөлінді. «Мүбарак Агро» серіктестігі құны 600 млн. теңге болатын мал бордақылау алаңын ашты. «Алаш Логистик» серіктестігі 5 мың басқа арналған уақ мал бордақылау алаңының құрылысын аяқтады. Балық шаруашылығы қарқынды дамуда. Өтімді өнімді өсірумен айналысатын кәсіпкерлер қатары артып келеді. Әрі балықтың түр түрін өсіру де жолға қойылған. «Дермене Агро Груп» тоғанда 30 мың шабақты өсіруді қолға алды. Бүгінде шабақтар өсіп, жетілген. Сатылымға дайын. Әрі қарай, шаруашылықты ұлғайту мақсатында 300 миллион теңге инвестиция тарту көзделіп отыр. Су ресурстарын дамыту мәселесі де назардан тыс қалмаған. Егін шаруашылығына су жеткізу баста назарда тұр. Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында жалпы ұзындығы 12,7 шақырымды құрайтын су құбырының құрылысы биыл аяқталады. Былтыр «Саяжай-1», «Саяжай-2», «Саяжай-3» мөлтекаудандарының ауыз су жүйесінің құрылысы, «Көктем-1», «Көктем-2» мөлтекаудандарында су мұнарасы мен су сорғы станциясының құрылыс жұмыстары басталды. Биыл «Тараз» шағынауданын кәрізбен жабдықтау желілерінің құрылысына 500 млн. теңге қаржы қарастырылды. Қала аумағындағы бірнеше шағынаудан табиғи газ жүйесіне қосылған. Қазір Байырқұм, Көкжиде, Жиделі елді мекендерінің кварталішілік газ құбырларының құрылысы жүргізілуде. Арыс қаласында негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 15,4 млрд. теңгені құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 6,2 млрд. теңгеге артты. Алдағы екі жылда 7,5 млрд. теңгеге 10 инвестициялық жобаны іске асырып, 100-ден астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Арыста мәдени және спорт нысандарының жәй-күйіне көңіл бөлінуде. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында жалпы 874 млн. теңге қарастырылып, Жиделі ауылында 120 орындық, Ақдала ауылында 240 орындық клуб пен кітапхана құрылысы жүргізілуде. Бұл нысандардың құрылысы биыл аяқталады. Сондай-ақ Көкжиде елді мекеніндегі мектепті күрделі жөндеу үшін 188 млн. теңге бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілген. Былтыр коммуналдық 4 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, тұрғын үй кезегінде тұрған 240 отбасы баспаналы болды.