Көктемнің бір күні жылға азық деп бекер айтылмаса керек. Күннің көзі жылт етісімен кетпеніне жармасатын шаруа осы кезеңді пайдаланып қалуға тырысады. Егінін егіп, малын төлдеткен шаруалар күзде еткен еңбегінің жемісін көреді. Жуырда көктемгі егіс жұмыстарының ұйымдастырылу барысын пысықтау мақсатында арнайы жиын өткізілді Жиынға облыстық мәслихатының төрағасы Н.Әбішов, облыстық мәслихат депутаттары, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Түркістан облысы департаментінің басқарма басшысы, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы, Шардара ауданының әкімі, облыстық Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы, «Түркістан ӘКК» АҚ, «Ырыс» МҚҰ, «АИО Оңтүстік» ЖШС, «АКК» АҚ Шымкент, Түркістан облысының филиалдарының өкілдері мен мақта өңдеу зауыттарының басшылары қатысты. Күн тәртібінде Шардара ауданына көктемгі егіс жұмыстарына бөлінген дизель отынымен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қамтамасыз ету және аудандағы каналдар құрылысы туралы, «Кеңдала» бағарламасымен көктемгі егіс жұмыстарына бөлінген несиенің игерілуі туралы, мақта өсіруші шаруаларға мақта өңдеу зауыттары тарапынан фючерлік қаржының келісімшарты туралы мәселелер қаралып, баяндамалар жасалды. Аталған мәселелер жан жақты талданып, кеңінен талқыланды. Сонымен қатар, осы мәселелерге қатысты шаруа қожалықтарының төрағалары өз ұсыныстары мен пікірлерін білдірді. Өз кезегінде, облыстық мәслихат депутаттары Шардара ауданының шаруаларына қосымша қажет болып отырған жанар-жағармайдың 200 тоннасын өз есептерінен жолдайтын болды. Кейіннен мамыр айында Шардара ауданы әкімдігі депутаттардан алған жанар-жағармайды қайтаратын болып келісілді. Жалпы, жиында қаралған барлық мәселелер назарға алынып, тиісті органдарға тапсырмалар берілді.