Түркістан облысында агрокешенді дамыту бағытында көптеген жұмыстар атқарылуда. Ауыл шаруашылығы саласында өңірде алдыңғы орында тұрған мақта шаруашылығын дамыту ұдайы басты назарда. Мақтаның жоғары сұрыптарын алдырып, зиянкестерден қорғау бағытында бүгінде жұмыс жүргізілуде. Жалпы көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге мемлекет тарапынан тұқым шаруашылығын қолдауға 600 миллион теңге, басым дақылдардың өндірісін субсидиялауға 432,1 миллион теңге, сатып алынған пестицидтер мен биогенттерді 50 пайызын субсидиялауға 372 миллион теңге, ағын суды жеткізу құнын субсидиялауға 150 миллион теңге, ауыл шаруашылғы техникаларының 25 пайыз құнын субсидиялауға 1,5 миллиард теңге қаржы қарастырылды. Алдағы уақытта бұдан да көп қаржы бөлу жағы қарастырылуда. Мақта егу науқанын тиімді жүргізу мақсатында Қазақстан мен Түркия арасындағы тұқым шаруашылығын дамыту жөніндегі ынтымақтастық туралы арнайы Меморандумға қол қойылған болатын. Қазақстандық фермерлерге тиімді шарттармен Түркия Республикасынан шақырылған «PROgen» компаниясы аурулар мен зиянкестерге төзімді 1000 тонна жоғары сапалы мақта тұқымын жеткізуге қол жеткізілді. Нәтижесінде 40 мың гектар мақта алқабы элиталық тұқыммен қамтамасыз етіледі. Облыста 500 түрлі минералды тыңайтқыштардың құнын 50%-ын субсидиялауға 6,5 млрд. теңге қаржы бөлінді. Нәтижесінде 331,3 мың гектар егістік алқаптар тыңайтылады. Облыс аумағында минералды тыңайтқыштар тапшылығын болдырмау үшін отандық тыңайтқыш өндіруші «ҚазАзот» АҚ-мен меморандум рәсімделді. Меморандум негізінде «ҚазАзот» АҚ-ның өндірістік қуаттылығын есепке ала отырып, облысқа жалпы көлемі 60 мың тонна аммиак селитрасын жеткізу келісілді. Сондай-ақ облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, бүгінгі күнге «Тыңайтқыштардың құнын субсидиялау» бағдарламасының қаулысы қысқа мерзім ішінде бекітіліп, өтінім қабылдау басталды. Биылдан бастап барлық мемлекеттік қолдаулар субсидиялаудың жаңа ақпараттық жүйесі gosagro.kz веб порталы арқылы тегін жүргізіледі. Облыста 24 мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникасы бар. Дала жұмыстарына техникалардың дайындығы толық дайын. Биыл 1346 бірлік жаңа техника сатып алынады. Мұның барлығы да агрокешендерді дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар. Егістік көлемін ұлғайтып, өнім көлемін арттыруға септесетіні анық.