Жазы ыстық, егін еккенге ыңғайлы Шардара ауданының шаруалары биыл көктемдік егіске соны қарқынмен кірісті. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде асығы алшы ауданның биыл да мерейі үстем болатын сыңайлы. Түркістан облысына қарасты Шардара ауданында көктемгі дала жұмыстарын өз деңгейінде өткізу және ұйымдастыру мақсатында аудандық штаб құрылған болатын. 2023 жылы 57 800 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарлануда. Атап айтқанда: күздік бидай – 1100 га, жаздық арпа – 1500 га, күріш – 1200 га, дәндік жүгері – 3560 га, маш – 670 га, мақта – 11200 га, ескі жоңышқа – 20010 га, жаңа жоңышқа – 4100 га, сүрлемдік жүгері – 4250 га, картоп – 250 га, көкөніс – 600 га, бақша – 9360 га. Осы жылы мақтаның егіс көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 4443 гектарға азайтылып, орнына мал азығы және бақша дақылдарының көлемін арттыру жоспарланып отыр. Қазірге дейін күзгі жер жырту жұмыстарының межеленген 36 617 га жердің 14 775 га жері жыртылды. Бұл жұмыстар ауа райының қолайлы, жылы күндерінде жүргізілуде. Жергілікті әкімдіктің мәлімдеуінше, 1898 бірлік ауыл шаруашылығы техникаларының 93 пайызы көктемгі дала жұмыстарына дайындалған. Оның ішінде 102 данасы жаңадан сатып алынған. Сондай-ақ, ауылдық округтер бойынша 2023 жылғы көктемгі егіске байланысты сор шаю мен ылғалдандыру жұмыстарын атқару бойынша іс-шаралар жоспары бекітіліп, жоспарға сай жүргізілуде.