4 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр Түркістан облысына қарасты Мақтаарал ауданы негізіген егін шаруашылығы мықты дамыған. Мақтааралдықтар бақша өнімдерін молынан өндіріп, жыл сайын оның 80%-ын эскпортқа шығарады. Әсіресе жазы ыстық өңірде өсірілетін қауын қарбызының атағы алысқа кеткен. Маусым кезінде күн сайын 300-ге тарта қауын-қарбыз тиелген жүк көліктері ТМД елдеріне, Прибалтика елдеріне, Түркия, Германия, Греция елдеріне жол тартады. Мақтааралдың қауын қарбызынан бір дәм татқандар келер жылы да тапсырысты үйіп төгеді. Сонымен қатар шаруа қожалықтары көкөніс, мақта, күрішпен қатар, басқа да түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын өндіреді. Мақтаарал ауданында өнеркәсіп өнім көлемі былтыр 16 млрд. теңгені құрады. Негізгі капиталға 22,5 млрд. теңге инвестиция тартылды. Құны 2,7 млрд. теңгені құрайтын жаңа 2 инвестициялық жоба (мақта талшығын өндіру зауыты, асфальт зауыты) іске асырылып, 175 жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл 1,7 млрд. теңгеге 4 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде 108 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Ауыл шаруашылығы саласында 81 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Ауданда 141 шақырым арналар механикалық тазалаудан өтіп, 13 мың гектар суармалы жердің жағдайы жақсарды. Осы жылға шаруаларға төмендетілген бағамен 5,7 мың тонна дизель отыны бөлінді. Табиғи газ жүйесімен 40 елді мекен қамтамасыз етілген. Қазіргі уақытта «Мақтаарал» АГТС құрылыс жұмыстары жүргізілуде. «Оңтүстік Жарық Транзиттің» инвестициялық бағдарламасымен 50 шақырым электр желісі, 10 дана трансформатор ауыстырылды. Жолдарды жөндеу үшін бюджеттен былтыр қаржы бөлініп, елді мекендерде 58 ішкі көше жөндеуден өткен.