Ірі қара мал бордақылау кешендері іске қосылмақ Түркістан облысы, Ордабасы ауданының шаруалары мал тұқымын асылдандыру бағытында жұмыс атқаруда. Мал шаруашылығы дамыған өңірде асыл тұқымды мал сатып алынып, оның басын көбейту жұмыстары да қарқын алған. Шаруалар төрт түлікті көбейтумен қатар, өндірілген өнімін тек облыс көлемінде ғана емес, өзге өңірлерге экспортқа шығаруда. Мал шаруашылығы өнімдерін арттыру бағытында жыл сайын ауқымды жұмыстар атқарылады. Етті, сүтті мал басын көбейту жоспары да артығымен орындалуда. Сонымен қатар, Ордабасы ауданында жыл сайын қосымша мал бордақылау алаңдары ашылып жатыр. Одан бөлек, ауданда құс шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Құс еті және үндік еті өндіріліп, сатылымға шығарылады. Мал басын көбейтіп, одан мал бордақылау жұмыстары да басты назарда тұр. Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Шұбар ауылдық округінде жуырда ғана 40 мың бас ірі қара малды бордақылауға арналған кешеннің құрылыс жұмыстары басталған болатын. Алып жобаны жүзеге асыру мерзімі 2023-2024 жылдарға жоспарланған. Кешеннің жалпы жер көлемі 400 гектарды құрайды. Әрбір 50-100 бас малды бордақылауға 0,12 гектар жер қарастырылған. Жобадағы мал бордақылау кешені екі кезеңмен жүзеге асырылады. Мәселен бірінші кезеңде – 11 650 мал бордақылау кешенін іске қосып, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін құру арқылы жеке кәсібін ашуға ниетті азаматтар тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Ал, екінші кезеңде мал бордақылау кешені 28350 басқа ұлғайтылады. Нәтижесінде 800 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Жалпы, жоба аясында бір жылда 40 мың бас ірі қара бордақыланып, тірідей салмақта 17 920 тоннадан 9500 тонна таза ет өндіру жоспарлануда. Кешенде сиымдылығы 50, 100, 150, 200 басқа арналған жалпы 558 бірлік мал бордақылау алаңдары құрылады. Замануи кешенде барлығы да қарастырылған. Заман талабына сай мұнда әкімшілік кеңсе, асхана, мал дәрігерлік бекеті, мал союға арналған заманауи нысандар, мал азығын сақтау қоймалары және тағы басқа нысандар инвесторлар есебінен бой көтереді. Мемлекет тарапынан жасалатын жеңілдіктер де жоқ емес. Мәселен, инфрақұрылым жүйелері бюджет есебінен жүргізілетін болады.