Түркістан облысына қарасты Сарыағаш ауданы ауыл шаруашылығы мықты дамыған өңірлердің бірі. Мұнда жылыжай да, шаруа қожалықтары да көп. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіріп қана қоймай, экспорттап отырған ауданда егістікті зиянкестерден сақтау маңызды мәселе болып отыр. Ала жаздай егінге жаудай тиетін шегірткелерден құтылса, өнімнің түсімі мол болары сөзсіз. Бүгін Сарығаш ауданына қарасты Дарбаза ауылдық округінің аумағында облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлының төрағалығымен ауыл шаруашылығы үшін аса қауіпті морокко шегірткесіне қарсы химиялық өңдеу жұмыстары бойынша штаб отырысы өтті. Жиынға республикалық болжам орталығының басшысы Н.Кашкенов, облыстық аумақтық инспекциясының басшысы И.Бегасилов, облыстық ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Т.Оспанов, аудан әкімі А.Абдуллаев, ауданның кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы мен ауылдық округі әкімдері қатысты. Аталған жиын барысында облыс әкімінің орынбасары: — Экономикалық басымдық ауыл шаруашылығына берілген Сарыағаш ауданында зиянкестермен күрес шарасына немқұрайлы қарауға болмайды. Әсіресе шегірткелер егістік аумақтарына зиян келтіруін алдын алуымыз маңызды. Осыған орай бір апта мерзімде химиялық өңдеу жұмыстарын күшейту қажет – деді. Сонымен қатар, штаб жиынында зиянкестермен күрес жолдары жан-жақты талқыланып, нақты тапсырмалар берілді. Штаб отырысынан кейін химиялық өңдеу заттары сақталған қоймаға арнайы барып, зиянкестерге қарсы күреске қажетті қорымен танысты.