Түркістан облысы Сарыағаш ауданында егін мен бау-бақша шаруашылығынан бөлек мал шаруашылығы да қарыштап дамуда. Сонымен қатар оның тұқымын асылдандырып, бордақылаумен айналысатын шаруашылықтар да көбейіп келеді. Айта кетсек, аудан бойынша жалпы 115 мал бордақылау алаңы бар, оның 3-і ірі алаңдар болса, 112-і шағын алаңшалар. Бүгінгі таңда ауданда 61417 бас — ірі қара мал, 19660 бас — жылқы, 495 369 бас — уақ мал, 117 — бас түйе өсірілуде. Биыл23,7 млрд теңгеге малшаруашылығы өнімдері өндіру жоспарланып отыр. Бүгінде мал шаруашылығын асылдандыру бағытында қыруар шаруа атқарылуда. Жеке қожалықтар селекциялық асылдандыруға ерекше ден қойып, жаңа мал тұқымдарын шығаруға күш салуда. Сонымен қатар мал тұқымын асылдандыру арқылы ет өніміне деген сұранысты қамтамасыз етуге болатынын түсінген шаруа қожалықтарының басым бөлігі осы бағытты қолға алып, дамытып жатыр. Сарыағаш ауданында жалпы 15035 тонна ет өнімі және 52894 тонна сүт өнімі өндірілді.Сарыағаш ауданында 1500 мал сиятын бордақылау кешені бар. Ірі қаралар Солтүстік Қазақстан облысынан әкелінген. Кешенде қазір әулиекөл, ақбас, герефорд, ангус сынды 6-7 түрлі тұқым бар. Семіртуге қажетті жем-шөпті серіктестіктің өздері егіп, дайындайды. Әр бұқаны күтіп баптауға орта есеппен 4-6 ай уақыт керек. нәтижеде әр жануар 250-350 келі ет береді. Бордақылау алаңы толықтай автоматтандырылған. Ет өнімдері негізінен шұжық цехына өткізіледі.