Сапалы әрі мол өнім алуға кепілдік беретін жылыжайда көкөніс өсіріп, кәсіптерін кеңейткен шаруашылықтардың қатары артып келеді. Бүгінде Түркістан облысына қарасты Сарыағаш ауданындағы Құркелес ауылдық округінде жылыжай шаруашылығымен айналысатындар қатары көп. Басым бөлігі аз ғана гектарды жайқалтып отырса, одан бөлек ірі жылыжайлар да басым. Көкөніс өндіріп, өнімін еселеп отырған жылыжай шаруашылықтарының бірі – «Нармат» шаруа қожалығы. Жағалай отырғызыдған қияр көшеттері аз ғана уақыттан соң өнім бере бастайды. «Нармат» шаруа қожалығының басшысы Н.Сапаровтың бүкіл отбасы жылыжайдан мол өнім алу үшін біркісідей атсалысады. Нармат Юлдашұлы жиырма жылдан астам жабық жерде көкөніс өсірумен айналысады. Бұған әйелі Шоида, ұлы Данияр және қызы Дилором көмектеседі. Әу баста егін шаруашылығы мен үшін таңсық емес дейді шаруа қожалығының басшысы. «Үлестік жерімді алған соң алғашында 4 гектарға қиыр, қызанақ егіп бастадық. Ол кезде өнімнің өтімділігі тез. Жылдам сатылып кететін. Бүгінде бәсекелестік көп. Сондықтан да өтімі тез жаңа нарықты талдауға тура келеді. Әу баста Өзбекстанда жылыжай шаруашылығында істеп, тәжірибе жинадым. Еңбекқор адамдардың істегенін өзімізде де істеуге де болады ғой деген ой келді. Содан тәуекел деп істі бастап кеттік. Жаман болған жоқ. Әйтеуір төккен тердің өтеуі болады. Негізінен Солтүстік облыстарда көкөністердің өтімі өте жақсы. Сондықтан сол жаққа саудаладық. Біз қызанақ, қияр, болгар бұрышы, баялдырды көптеп өсіреміз. Маусымдық жұмыстар кезінде жұмысшыларды көптеп тартамыз. Өнім жинауда олардың көрсетер көмегі көп» дейді кәсіпкер. Бүгінде бала-шағасын осы кәсіпке баулып жүр. Жылыжай шаруашылығын дамытудың, көшет отырғызу, оларды қалай күтіп баптау, өсімдік ауруларын емдеу сынды майда шүйде болып көрінетін бірақ ең маңызды дүниелерді үйретіп жүр. Алдағы уақытта нарықта сұранысқа ие өнім өндіру жолдарын зерделеп жүр.