Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданында бүгінде жылыжай шаруашылығын дамытып отырғандардың қарасы қалың. Көзің тапсаң көл-көсір табыс әкелетін саланы өрге өрлеткендер басым. Сарапхана ауылдық округіндегі «Қазығұрт нұры» ЖШС-нің жылыжайы тек аудандағы ғана емес, облыстағы ірі жылыжайлардың бірі. Қияр мен қызанақтың ұдайы сапалы сұрыптарын пайдаланатын болғандықтан шығымы да жақсы. Биылғы қыстың қатты суық болуына байланысты көшет егуді кешіктірулеріне тура келді. Жылда қаңтар айында көшет егіп бастайтын, биыл ақпанның аяғында отырғызуға тура келді. Сондықтан оның пісіп жетілуі де кешігуде. Дегенмен дәл қазіргі уақытта алғашқы терім басталды. Жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылған. Науқан қызған кезде қосымша жұмыс күші тартылады. Негізінде Қазығұрт ауданында ауылдар бір біріне жақын орналасқан. Көрші ауылдан келіп жұмыс істейтіндер бар. Бақша өнімдерін күтіп, баптау да оңай емес. Баладай мәпелеп қарамаса өнім аз береді. Сондықтан да минералды тыңайтқыштарды дер уақытында беріп, суғарып, жақсылап қарау керек. Өнім мұнда екі күн сайын жиналады. Дамыған заманда жылыжай басшысы интернеттің арқасында әлеуметтік желілердің пайдасын көріп отыр. Көтерме бағамен де, жекелей де сатады. Әрі сатылым жағынан күрделіліктер жоқ. Әлеуметтік желіде жылыжай өсірушілер өнімдерін ұсынатын арнайы чат бар. Онда көтерме бағамен сатып алатын мыңдаған адам бар. Өнімнің бағалары көрсетіледі. Соған орай сатып алушылар қаптайды. Баға да әркезде әрқалай құбылып тұрады. Өнімнің пісіп жетілген уақытында көкөніс көп болса, баға төмендейді. Жиналғанына қарай кейде өнім аз болса баға көтеріледі. Нарық болған соң баға құбылмалы. Әр кезде әрқалай. Сатып алушылардың өздері келеді, өздері жүк көліктеріне тиеп алып кетеді. Бұл да болса артық шығын шығармауға сеп. «Қазығұрт нұры» серіктестігінің өнімдері еліміздің түкпір түкпіріне жөнелтіледі. Дәмі, иісі табиғи болғандықтан сатып алуға құмбылдардың қатары да қалың. Серіктестік голландтық сұрыптарды егеді. Жоғары сұрыпты болған соң шығымы да жақсы. Қияр 1,5 гектарға, қызанақ бір гектар жерге егілген. Тек мұнымен ғана шектеліп қалмай серіктестік үш гектар жерде тәжірибелік құлпынай алқабын өсіріп отыр. Нарықта жоғары сұранысқа ие өнімнің тұқымының сапасы өте жақсы, бапталған өнімнің сатылымы да жақсы болады деген сенім бар. Алдағы уақытта көкөністің де жеміс жидектердің де алқабын көбейту, жаңа жұмыс орындарын ашу да кезекті жоспарда тұр.